Айыппұлға ашуланған түркістандықтар камераларды қиратқан
Күдіктілер түн ішінде төрт бірдей бейнебақылау камерасын қасақана сындырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістанда жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлға наразы болған екі жас бейнебақылау камераларын қасақана сындырған. Алайда олардың түнгі әрекеті ұзаққа бармай, күдіктілер көп ұзамай қолға түсті.
Түркістан қаласында бейнебақылау жүйесіне қасақана зиян келтірді деген күдікпен екі адам ұсталды. Оқиға түнгі уақытта облыс орталығының көшелерінің бірінде болған. Келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгеден асады.
Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен түнгі сағат 01:00-де бетперде киген екі жас ұзын таяқтың көмегімен сыртқы бақылау жүйесіне орнатылған төрт камераны сындырған. Алайда олардың әрекеті сол маңдағы басқа камераларға түсіп қалған.
Полиция мәліметінше, «құқық қорғау органдары жақын маңдағы бейнежазбаларды мұқият зерттеп, күдіктілердің жүріп өткен бағытын анықтады. Нәтижесінде олар жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталды».
Аталған дерек бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Күдіктілердің өз сөзінше, олар бұл әрекетке жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдарға наразылықтан барған. Полиция тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға және заң талаптарын сақтауға шақырды.
Материал авторы