Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирде чемпион атанды
Жібек Құламбаева ресейлік серіктесімен бірге финалда тартысты жеңіске жетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Үндістанның Нагпур қаласында өткен ITF W15 турнирінде жұптық сында чемпион атанды. Бұл — спортшының жарақаттан кейінгі алғашқы титулы.
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Нагпурдағы ITF W15 санатындағы турнирде жұптық разрядта жеңімпаз атанды. Ол ресейлік Екатерина Яшинамен бірге финалда Элина Неплий — Ксения Лоскутова жұбын тізе бүктірді.
Шешуші матч тартысты өтті. Алғашқы сетте қарсыластарына жол берген Құламбаева мен Яшина екінші партияда ойын тізгінін қолға алып, кездесуді супер тай-брейкте өз пайдасына шешті — 5:7, 6:4, 10:6.
Бұл жеңіс Құламбаева үшін биылғы маусымдағы алғашқы титул болды. Ол бұған дейін алған жарақатынан кейін кортқа қайта оралған еді.
Жібек Құламбаева жекелей сында да жарысты жалғастырып жатыр. Жартылай финалда ол үндістандық Зеел Десайды сенімді түрде жеңіп, финалға шықты. Енді шешуші кездесуде тағы бір үнді теннисшісі Сонал Патилге қарсы ойнайды.
Сонымен қатар 2026 жылғы 10–11 сәуір күндері Құламбаева Қазақстан құрамасы сапында Billie Jean King Cup командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. Астанада өтетін матчтарда қазақстандықтар Канада құрамасына қарсы ойнайды.
Материал авторы