1926

Ресейлік актер не үшін шетелдік фильмде қазақ рөлінен бас тартқанын түсіндірді

Ол мұндай рөл қазақ бейнесін әдейі жағымсыз көрсетуге бағытталған деді.

Ресейлік актер не үшін шетелдік фильмде қазақ рөлінен бас тартқанын түсіндірді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік актер Амаду Мамадаков шетелдік фильмде қазақ рөлін сомдаудан бас тартқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұсынылған жоба идеологиялық сипатта болған.

Ресейлік актер Амаду Мамадаков 2018–2019 жылдары поляк кинокомпаниясы ұсынған фильмге қатысудан бас тартқанын айтты. Онда оған қазақ кейіпкерін сомдау ұсынылған.

Актер бұл туралы Глеб Климентьевке берген сұхбатында мәлімдеді. Айтуынша, сценарий мазмұны оған күмән тудырған.

Мамадаковтың сөзінше, фильм оқиғасы 1945 жылы өрбиді. Сюжетте орыс, қазақ және кавказдық кейіпкерлер Германия аумағында зорлық-зомбылық әрекеттерін жасайтын болып көрсетілген.

«Маған толық сценарийді бермеді. Кейін мазмұнын түсінгенде, мен ойланбастан бас тарттым. Өйткені бұл әділетсіз әрі таза идеологиялық жоба деп санадым. Бізді әдейі жағымсыз кейіпте көрсету көзделген», – деді актер.

Ол мұндай шешіміне өкінбейтінін атап өтті.

Сонымен қатар Мамадаков «Яйца Чингисхана» деп аталатын тағы бір фильмге де қатысудан бас тартқанын айтты. Оның пікірінше, кейбір тарихи тұлғалар мен тақырыптар әзілге айналдырылмауы тиіс.

Амаду Мамадаков 2000 жылдардың басында «Звезда», «Солдаты» және «9 рота» жобаларындағы рөлдері арқылы танылған. Ол Алтай Республикасы мен Тыва Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ал 2023 жылы Мәскеудің құрметті өнер қайраткері атағын алған.

Материал авторы