280

Қазақстандық рэпер Мәскеуде әдепсіз ән айтқаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болды

Дауға «Вика любит ПЭПЭ» атты ән мәтіні себеп болғаны сотта нақтыланды.

Қазақстандық рэпер Мәскеуде әдепсіз ән айтқаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болды
instagram.com/biggunwest

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық рэп орындаушы Ганвест (шын аты – Руслан Гоминов) Мәскеуде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Таган соты оның бір әнінің мазмұнына байланысты айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Сот талқылауына «Вика любит ПЭПЭ» атты композиция себеп болған. Сот орындаушыны адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық әдепті қорлау бабына сәйкес кінәлі деп таныды.

Сот қаулысында ән мәтіні «қоғамға айқын құрметсіздік білдіреді» деп көрсетілген.

«Сот Руслан Гоминовқа 95 мың рубль (шамамен 570 мың теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Бұл – биылғы жылы әртістің заңмен байланысты алғашқы мәселесі емес. Бұған дейін, ақпан айында Ганвестке шығармашылығында есірткі заттарын насихаттады деген күдікпен іс қозғалғаны белгілі болған.

Руслан Гоминов Ақтау қаласында туған. Ол «Пантера» және «Никотин» әндері арқылы кең танымалдыққа ие болды. Әртіс өзіне тән эпатажды бейнесі мен арандатушы мәтіндері арқылы жиі сын нысанына айналып жүр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор