338

Әл-Фарабидегі қайғылы апат: Айыпталушы тарап татуласуды ұсынды

Қайғылы апаттан кейін шенеуніктер қызметінен босатылды.

Әл-Фарабидегі қайғылы апат: Айыпталушы тарап татуласуды ұсынды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған өліммен аяқталған жол апатына қатысты іс бойынша айыпталушы тарап марқұм жүргізушінің туыстарымен бітімге келуге әрекет жасаған. Алайда жәбірленуші тарап бұл ұсынысты қабылдамаған.

Жәбірленушілердің мүддесін қорғап отырған адвокат Олег Чернов Zeekr көлігінің жүргізушісінің банк картасы бойынша операцияларын тексеруді талап етпек. Бұл туралы «31 арна» хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, тергеу барысында күдіктінің апатқа дейін алкоголь ішкен-ішпегенін анықтау маңызды. Осы мақсатта мейрамханадағы төлемдер туралы деректерді, сондай-ақ бейнебақылау жазбаларын алу жоспарланған. Алайда кейбір нысандарда бейнежазбалардың сақталмағаны немесе камералардың істемегені белгілі болған.

Сонымен қатар қорғаушы жол апатына қатысты өзге де бейнематериалдарды жинап, күдіктінің апат күні кімдермен байланысқа шыққанын анықтауға ниетті.

Адвокаттың мәліметінше, айыпталушы тарап 29 жастағы марқұм Еламанның туыстарына бітім ұсынған. Бірақ отбасы бұл ұсыныстан бас тартқан. Қаза тапқан ер адамның артында алты жастағы баласы қалды.

Қазіргі уақытта күдікті ауруханада жатыр. Оның нақты жағдайы белгісіз. Адвокаттың сөзінше, жақын уақытта ол тергеу изоляторына ауыстырылуы мүмкін.

Еске салсақ, 21 наурыз күні Zeekr 9X көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes-пен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапты. Ішкі істер министрлігі күдіктінің апат кезінде жеңіл дәрежеде мас болғанын мәлімдеді.

Аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі фактісі бойынша да іс тіркелді. Кейін ІІМ басшысы Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасарын, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілерін қызметінен босатты.

Материал авторы