Алматыда миллион оқырманы бар Instagram-заңгер ұсталды
Ол Әл-Фараби даңғылындағы апатқа қатысты жариялаған видеосымен қоғамда резонанс тудырған
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда Instagram желісінде кеңінен танымал заңгер Әділетхан Молдахан ұсталды. Оның әлеуметтік желідегі парақшасына 1 миллионнан астам адам жазылған. Ол көбіне айыппұлдарды қысқарту және полициямен дұрыс қарым-қатынас жасау жөніндегі кеңестері арқылы танылған. Бұған дейін патрульдік полиция қатарында қызмет атқарған.
Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін Молдахан оқиғаға қатысты өз нұсқасын жариялап, резонанс тудырған бейнеролик түсірген. Желіде 7 миллион қаралым жинаған видеода ол қатты айыптаулар айтқан.
30 наурыз күні ол әлеуметтік желіде өзін жәбірленуші тараптың өкілі ретінде таныстырған. Алайда сол күні кешке оның ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты қысқаша түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, азамат М.-ға қатысты жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, құқық қорғау органдары жақын уақытта бұлтартпау шарасын таңдау үшін істі сотқа жолдауы мүмкін. Айта кетейік, Әділетхан Молдахан 2023 жылы тонау дерегі бойынша 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген және полиция органдарынан теріс себептермен жұмыстан босатылған.
Материал авторы