243

Алматыда белгілі әншінің ұлы жоғалып кетті

Танымал әртістің ұлы бірнеше күннен бері байланысқа шықпай жатыр.

Алматыда белгілі әншінің ұлы жоғалып кетті
Lider.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, марқұм Гүлнар Сиқымбаеваның ұлы Баир Сиқымбаев із-түзсіз жоғалып кетті. Қазір оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жоғалған азамат туралы хабарландыру еріктілердің Lider.kz қозғалысының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған. Мәліметке сәйкес, Баир Сиқымбаев 2026 жылғы 24 наурыз күні шамамен сағат 13:20-да Коперник көшесіндегі үйінен шығып кеткен. Содан бері байланысқа шықпаған.

Белгілеріне келсек, бойы шамамен 180–185 см, арық денелі, шашы қысқа әрі қара, көзі қоңыр. Үстінде қара спорттық киім болған.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, Медеу аудандық полиция басқармасы іздестіру шараларын бастап кеткен. Қазіргі уақытта ер адамның жүрген жерін анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, 2024 жылдың қазан айында белгілі эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаева өмірден өткен еді. Ол «Гүлдер» ансамблінің солисі ретінде танылған.

Материал авторы