Трамп Иранның мұнай өндірісі мен Харк аралын толықтай жоятынын айтты
АҚШ президенті Ормуз бұғазының ашық болуын талап етіп, бұл талап орындалмаса күш қолданылуы мүмкін екенін ескертті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында Иранға қатысты келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеп, келісімге қол жеткізілмеген жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын ашық айтты.
Трамптың сөзінше, АҚШ «жаңа әрі ақылға қонымды» режиммен әскери іс-қимылдарды тоқтату мәселесі бойынша маңызды ілгерілеуге қол жеткізген. Алайда ол келісім жақын арада жасалмаса, Вашингтонның әрекеті мүлде басқа арнаға бұрылуы мүмкін екенін ескертті.
Президент Ормуз бұғазы «ашық әрі еркін саудаға қолжетімді» болуға тиіс екенін атап өтті. Егер бұл талап орындалмаса, АҚШ Ирандағы электр станцияларын, мұнай өндірісі нысандарын және Харк аралын толық жоюға дейін баратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл нысандар әлі күнге дейін әдейі соққыға алынбаған.
Сонымен қатар Трамп мұндай әрекеттерді «АҚШ әскери қызметкерлері мен ондаған жылдар бойы Ираннан зардап шеккен адамдар үшін қарымта» деп атады.
Бұған дейін Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге қатысты алымдар мен шектеулер енгізіп жатқаны хабарланған еді.
Материал авторы