328

Ақтауда шенеунік көрсетілмеген қызмет үшін миллиондаған қаржы аударған

Маңғыстауда мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлінген қаржы заңсыз жұмсалған.

Ақтауда шенеунік көрсетілмеген қызмет үшін миллиондаған қаржы аударған
Gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау саласына жүргізілген талдау барысында өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. 

Тексеру нәтижесінде Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы бюджет қаражатын негізсіз аударып келгені белгілі болды. Атап айтқанда, инватакси қызметін көрсететін жеткізушіге нақты көрсетілмеген қызметтер үшін төлем жасалған.

Прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде заңсыз жұмсалған қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында бюджетке 5,3 млн теңге қайтарылды.

Аталған дерек бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның шешімімен бөлім басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оған «атқарып отырған лауазымына толық сәйкес емес» деген ескерту берілді.

Материал авторы