Петропавлда көшеден табылған темекі қызды жансақтау бөліміне түсірді
Қыз көшеден тапқан темекіні шеккеннен кейін бірден өзін жайсыз сезініп, жағдайы күрт нашарлаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласында көшеден табылған темекіні шеккен бойжеткен ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне түсті.
Науқастың айтуынша, ол көшеде жатқан темекіні тауып алып, шегіп көрмек болған. Арада көп өтпей қолының дірілі, қатты бас айналу және себепсіз үрей сезімі пайда болған. Қыздың жағдайы тез нашарлаған.
Ол жедел түрде көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізіліп, тексеруден кейін бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқасқа «есірткілік улану», «экзогендік интоксикация», «анықталмаған заттардың уытты әсері», «интоксикациялық синдром» және «орташа дәрежедегі темір тапшылығы анемиясы» диагноздары қойылған.
Қыз бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, кейін тағы төрт күн терапия бөлімінде ем қабылдаған. Жағдайы тұрақталған соң үйіне шығарылды.
Медицина мамандары белгісіз заттарды қолдану, тіпті бір рет болса да, ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Мұндай әрекет уланудан бастап өмірге қауіп төндіретін жағдайларға дейін жеткізуі ықтимал.
Материал авторы