Ақтөбеде науқас дәрігердің ноутбугын ұрлап кеткен
Ер адам 150 мың теңгелік ноутбук үшін сот алдында жауап берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қаласының №2 соты емханадағы дәрігер кабинетінде жасалған ұрлық ісі бойынша айыпталған азаматқа қатысты үкім шығарды.
Сотта анықталғандай, айыпталушы емхана ғимаратында жүріп, дәрігердің кабинетіне кірген. Іште ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, ешкім байқамайды деп ойлап, құны 150 мың теңге болатын ноутбукты жасырын түрде алып кеткен. Кейін оқиға орнынан ізін суытқан.
Осы әрекет салдарынан жәбірленушіге көрсетілген сома көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі өз жауабымен қатар жәбірленушінің айғақтарымен, тәркілеу хаттамаларымен және іс материалдарындағы басқа да дәлелдермен расталған.
Сот кінәні толық мойындау мен шынайы өкінуді жеңілдететін мән-жай ретінде бағалады. Ал ауырлататын жағдайлар анықталмаған.
Нәтижесінде сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол жыл сайын 100 сағат көлемінде мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды.
Жәбірленушінің азаматтық талабы келтірілген шығынның өтелуіне байланысты қараусыз қалдырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Материал авторы