БҚО-да маршруттық автобус пен мектеп автобусы соқтығысты (ВИДЕО)
Мектеп автобусындағы балалар зардап шекті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында маршруттық автобус мектеп автобусымен соқтығысып, жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Оқиға 31 наурыз күні шамамен сағат 14:00-де Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылында болған. Әлеуметтік желілерде апат орнынан түсірілген видеолар тарады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Самара – Шымкент республикалық тас жолымен келе жатқан маршруттық автобус мектеп автобусымен соқтығысқан. Соққыдан кейін мектеп автобусы екпінмен алда тұрған жеңіл көлікке барып тірелген.
Жол апаты салдарынан зардап шеккендер бар, олардың арасында балалар да бар. Қаза тапқандар жоқ. Барлығына медициналық көмек көрсетілген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Маршруттық автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Материал авторы