Шымкенттегі марқұм Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті жындыханаға жатқызылды
Марқұмның туыстары күдіктінің жазадан жалтаруы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қаза тапқан Нұрай Серікбайдың туыстары істің созылып кетуінен және күдіктінің жазадан құтылып кету ықтималдығынан қауіптеніп отыр. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, кісі өлтірді деп айыпталған азамат қазір Талғардағы арнайы медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр. Бұл туралы ол Жетінші арнаға айтып берді.
Жәбірленуші тарап күдікті психикалық жағдайына сілтеме жасап, қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп алаңдайды. Алайда туыстары оның әрекеті саналы болғанын алға тартады. Олардың мәліметінше, сараптамалар Шымкент пен Алматы қалаларында жүргізілген.
Сұлтан Серікбайдың сөзінше, мұндай істер ұзаққа созылып, күдікті жылдар бойы арнайы мекемеде қала беруі мүмкін. Ол істің тезірек аяқталып, айыпталушы өз әрекеті үшін толық жауап беруін талап етті.
Қазіргі таңда тергеу үш айдан бері жалғасып жатыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты негізгі сараптамалардың қорытындысын күтуде.
Еске салайық, Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкент қаласында қаза тапқан. Туыстарының айтуынша, қызды бұрын таныс жігіт ұзақ уақыт бойы аңдып жүрген. Ол ұсыныс жасағанымен, қыз бас тартқан. Бұған дейін күдікті қызды күштеп алып кетуге әрекеттеніп, соңынан қалмағаны айтылған. Туыстары бұл жағдай бойынша полиция мен прокуратураға жүгінгенімен, тиісті реакция болмағанын мәлімдейді.
Материал авторы