303

Трамп: Негізгі мақсатқа жеттік, Ирандағы соғыс аяқталуға жақын

АҚШ президенті әскери операциялар алдағы бірнеше аптада аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Трамп: Негізгі мақсатқа жеттік, Ирандағы соғыс аяқталуға жақын
Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операциялар алдағы екі-үш апта ішінде тоқтауы ықтимал екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл үшін Тегеранмен келісімге келу немесе Ормуз бұғазындағы жағдайды реттеу міндетті емес.

Ақ үйде журналистермен сөйлескен Трамптың сөзінше, негізгі мақсат — Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу болған және бұл міндет орындалды деп есептеледі. Ол операцияның аяқталу кезеңіне жақындағанын айтып, шабуылдардың жуық арада тоқтайтынын жеткізді.

Президент сонымен қатар соғыс келісімге келу арқылы да ертерек аяқталуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Алайда ол келісімнің бар-жоғы шешуші фактор емес екенін атап өтті.

Трамп Ормуз бұғазындағы жағдайға да тоқталды. Оның пікірінше, Иран ұйымдастырған кеме қатынасына қатысты шектеулер басқа елдердің мәселесі болуы тиіс. АҚШ бұл жағдайды өз мүддесіне тікелей қатысы жоқ деп санайды.

Сондай-ақ ол Таяу Шығыстағы шиеленістен кейін мұнай бағасының күрт өскенін айтып, әскери операциялар тоқтаған соң баға төмендейді деген болжам жасады.

Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпаннан бері Иран аумағына әуе соққыларын жасап келеді. Бұған жауап ретінде Иран Израильге және Парсы шығанағы елдеріне зымырандар мен дрондар арқылы соққы жасауда. Ресми Тегеран бұл әрекеттерді өңірдегі америкалық әскери базаларға қарсы бағытталғанын мәлімдеді.

Қақтығыс салдарынан аймақтағы бірқатар елдер де зардап шегіп, мұнай инфрақұрылымдары мен танкерлер нысанаға алынған.

Материал авторы