Қырғызстанда Ташиевтің інісі ұсталды
Экс-депутат сыбайлас жемқорлық ісі бойынша қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанда бұрынғы депутат Шаирбек Ташиев ұсталды. Ол — Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ГКНБ) экс-төрағасы Камчыбек Ташиевтің туған інісі. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, ұсталу «Кыргызнефтегаз» акционерлік қоғамындағы сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында жүзеге асқан. Тергеу жұмыстары Мемлекеттік салық қызметінің материалдары мен аудит қорытындылары негізінде жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, Шаирбек Ташиев бұрын Жогорку Кенеш депутаты болған. Қазір ол Бішкектегі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кетейік, бұған дейін оның депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаны хабарланған еді. Сонымен қатар ол ІІМ-нің бас тергеу басқармасында жауап беріп, кейін босатылған болатын.
Еске салайық, Камчыбек Ташиев биыл ақпан айында ГКНБ төрағасы қызметінен босатылған. Ол бұл шешімді күтпегенін айтқан. Ал Қырғызстан президенті оның мемлекеттік қызметке қайта оралмайтынын мәлімдеген.
Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы