Ер адам балаларға ішінде ине бар кәмпит таратқан
Балалар бейтаныс адамнан алған кәмпиттердің ішінен ине сынықтарын анықтаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бішкектің Ақ-Ордо тұрғын алабында балаларға ішінде ине сынықтары бар кәмпит үлестірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұл дерек қоғамда алаңдаушылық туғызды.
Қырғызстан Ішкі істер органдарының хабарлауынша, оқиға 28 наурыз күні шамамен сағат 20:30-да тіркелген. «102» нөміріне хабарласқан жергілікті тұрғын 2011 жылы туған қызы мен өзге де балалар бейтаныс адамнан алған тәттілердің ішінен ине тапқанын мәлімдеген.
Аталған факті бойынша Ленин аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғап, сараптамалар тағайындады.
Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктінің кім екені анықталып, ол тергеу органдарына жеткізілді. Қазір ол Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде кәмпиттер мен іске қатысты өзге де айғақтар тәркіленді.
Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Материал авторы