Әл-Фарабидегі қайғылы апатқа кінәлі қатаң жазалануы мүмкін
Депутаттар мас күйде жасалған жол апаттарына берілетін жазаны күшейтуді талап етті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілісте Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздік мәселесі тағы да өткір көтерілді. Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатының фонында депутаттар мас күйде көлік жүргізіп, адам өліміне себеп болғандарға жазаны күшейтуді талап етті.
AMANAT фракциясының мүшесі Айдос Сарым алдағы әкімшілік амнистияға қатысты пікір білдіріп, мұндай қылмыстарға қатысты жауапкершілік қайта қаралуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, үш бірдей адамның өмірін қиған апат – қолданыстағы жаза тетіктерінің әлсіздігін көрсеткен дабыл.
Депутат құзырлы органдарды мас күйде жасалған жол апаттарына құқықтық баға беруді күшейтіп, жазаны іс-әрекеттің салдарына сай қатаңдату жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге шақырды. Бұл ретте халықаралық тәжірибеге сүйену қажеттігін атап өтті: онда мұндай қылмыстар нақтырақ сараланып, жаза анағұрлым ауыр қарастырылған.
Сонымен қатар Айдос Сарым президент бастамашы болған әкімшілік амнистия аясында жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарды қамтымауды ұсынды.
Оның пікірінше, мұндай тұлғалардың басым бөлігі — заңды жүйелі түрде бұзған, мас күйде рульге отырған және жол қозғалысы ережелерін елемеген адамдар. Депутат оларды «қоғам үшін қауіп төндіретін топ» деп бағалап, амнистия арқылы қайтадан көлік жүргізу құқығын беру жаңа трагедияларға жол ашуы мүмкін екенін ескертті.
Қазіргі таңда бұл ұсыныстар талқыланып жатыр.
Материал авторы