Маңғыстауда жанармай бекетінде жарылыс болып, жұмысшыны ауыр күйік шалды
Жанармай құю бекетінде 200 литрлік бөшке жарылған көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жанармай құю бекетінде болған жарылыс салдарынан жұмысшы ауыр жарақат алды.
Оқиға 10 наурыз күні жанармай құю бекеті аумағында тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, жұмыс барысында көлемі 200 литрлік металл бөшке жарылған. Соның салдарынан қызметкердің беті мен денесінің жоғарғы бөлігі күйіп қалған. Қазір ол ем қабылдап, оңалту курсынан өтіп жатыр.
Зардап шеккен азаматтың туыстары оқиғаға қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін деп есептейді. Олар бұл істің жан-жақты әрі әділ тексерілуін талап етуде.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына шақырту түспеген, өрт тіркелмеген.
«Өрт болған жоқ. Тергеушілер полицияның шақыртуымен ауруханаға барды. Зардап шеккен азаматқа өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін ескерту жасалды», — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Еңбек инспекциясы ер адамның ресми еңбек шартысыз жұмыс істегенін мәлімдеді. Ал болжамды жұмыс беруші еңбек қатынасының болғанын жоққа шығарып отыр.
Қазіргі уақытта жасырын еңбек фактісі бойынша да тексеріс жүргізілуде. Іс материалдары компания тіркелген мекенжай бойынша — Алматы қаласына жолданып, қосымша қаралатын болады.
Материал авторы