SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен қақтығысқа не түрткі болғанын түсіндіріп, Ормуз бұғазы арқылы мұнай алатын елдер қауіпсіздік жауапкершілігін өздері алуы тиіс екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол халыққа жасаған үндеуінде айтты.
Трамптың сөзінше, АҚШ әскері Иранға қарсы «Эпикалық қаһар» операциясын бастағалы бері бір ай ішінде шешуші әрі жойқын нәтижелерге қол жеткізген. Оның айтуынша, мұндай әскери жетістіктер бұрын-соңды болмаған.
Ақ үй басшысы Иранның әскери әлеуеті едәуір әлсірегенін алға тартты. Ол елдің әскери-теңіз күштері мен әуе күштері іс жүзінде жойылғанын, бірқатар жетекшілері қаза тапқанын, Ислам революциясы сақшылары корпусының басқару жүйесі әлсірегенін айтты. Сонымен қатар зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану мүмкіндігі күрт қысқарғанын, қару-жарақ өндірісі мен инфрақұрылымы жойылып жатқанын жеткізді.
Трамп АҚШ-тың энергетикалық тәуелсіздікке жеткенін де атап өтті. Оның айтуынша, Вашингтон Венесуэламен мұнай мен газ өндіру және сату бағытында жұмыс істеп жатыр, сондықтан АҚШ Таяу Шығыс мұнайына тәуелді емес.
Президент бұл әскери операцияның негізгі мақсаты — Иранның АҚШ пен оның одақтастарына қауіп төндіру мүмкіндігін жою екенін айтты. Ол 2015 жылдан бері Иранның ядролық қару иеленуіне жол бермеуге уәде бергенін еске салып, Барак Обама тұсындағы ядролық келісімді «сәтсіз шешім» деп атады.
Трамп соғыстың басты себептерінің бірі ретінде Иранның баллистикалық зымыран қорын жедел арттыруын атады. Оның пікірінше, бұл үрдіс жалғасқанда Тегеран АҚШ, Еуропа және әлемнің кез келген нүктесіне жете алатын қаруға қол жеткізуі мүмкін еді.
АҚШ президенті операцияның нақты мақсаттарын да атады: Иранның әскери-теңіз күштерін толық жою, әуе күштері мен зымыран бағдарламасына ауыр соққы беру және қорғаныс-өнеркәсіптік базасын күйрету.
Трамп Таяу Шығыстағы одақтастарына — Израиль, Сауд Арабиясы, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Бахрейнге алғыс айтты. Сонымен бірге Иран билігін коммерциялық мұнай танкерлеріне және көрші елдерге шабуыл жасап отыр деп айыптады.
Оның айтуынша, АҚШ Ормуз бұғазы арқылы мұнай импорттамайды және болашақта да мұндай тәуелділік болмайды. Сондықтан дәл осы бағытты пайдаланатын мемлекеттер оның қауіпсіздігін өздері қамтамасыз етуі тиіс.
Трамп өз ұсыныстарын да жария етті: әлем елдерін АҚШ мұнайын сатып алуға шақырып, Ормуз бұғазын қорғау жауапкершілігін бірлесіп өз қолына алуға үндеді.
Сондай-ақ ол келіссөздер жалғасып жатқанын, бастапқыда режимді ауыстыру мақсаты болмағанын айтты. Алайда бұрынғы басшылықтың жойылуына байланысты билік өзгергенін, жаңа топтың бұрынғыға қарағанда прагматикалық екенін жеткізді. Егер жақын арада келісімге қол жеткізілмесе, АҚШ негізгі әскери мақсаттарға назар аударуды жалғастыратынын мәлімдеді.
RUS