SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ерболат Досаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесі құрамынан шығарылды. Бұл шешімді қордың жалғыз акционері 25 наурыз күні қабылдаған.
Қордың ресми мәліметіне сәйкес, жаңартылған директорлар кеңесінің құрамына Олжас Бектенов, Болат Жәмішев, Лука Сутера, Вонг Хэн Файн, Нұрлан Жақыпов және Мохаммед Джамиль Әл Рамахи енді.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ерболат Досаев Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылған болатын. Ол бұл лауазымды 2025 жылдың қыркүйегінен бері атқарған.
Досаев «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесіне 2025 жылдың желтоқсанында тағайындалып, бұл қызметті негізгі жұмысымен қатар атқаруы тиіс болған.
Ерболат Досаев Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы энергетика институтын және Мәскеудегі Бауман атындағы мемлекеттік техникалық университетті тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы «Искер» кәсіпорнында бастаған. Әр жылдары Премьер-Министрдің кеңесшісі, қаржы вице-министрі, Үкімет басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар Қазақстан даму банкі директорлар кеңесін, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігін, «ҚазИнвестБанк» АҚ директорлар кеңесін, «Бәйтерек» ұлттық холдингін басқарған.
Әр кезеңде қаржы, денсаулық сақтау және экономикалық даму министрі қызметтерін атқарған.
2019 жылы Ұлттық банк төрағасы болып тағайындалып, бұл қызметте 2022 жылдың қаңтарына дейін отырды. Кейін Алматы қаласының әкімі болды және бұл қызметті 2025 жылдың мамырына дейін атқарды.
Сондай-ақ 2026 жылдың қаңтарында «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесіне кірген.
RUS