SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) әйелін шәкіртіне «сыйға бергенін» айтқан уағызшы Құрбанәлі Ахметке қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Діни басқарма аталған тұлғаның ҚМДБ құрылымында қызмет етпейтінін және ұйыммен ешқандай ресми байланысы жоқ екенін нақтылады. Осыған байланысты оның айтқан пікірлері мен жеке көзқарастары ҚМДБ-ның ресми ұстанымы ретінде қарастырылмайтыны атап өтілді.
«Дінге қатысты мәселелерде тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз», — делінген мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, өзін имам ретінде таныстырған Құрбанәлі Ахметтің журналист Жанар Байсемізоваға берген сұхбаты қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Сұхбат барысында ол екінші әйелін шәкіртіне «сыйға бергенін» мәлімдеген.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырады. Кейін жүргізілген тексеріс нәтижесінде оның әрекеттері заң талаптарына қайшы екені анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар сұхбат авторы да құқықбұзушылық белгілері бар материал таратқаны үшін жауапқа тартылған.
RUS