Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті не үшін жындыханаға жіберілгені белгілі болды
Бас прокуратура Нұрай ісіндегі даулы шешімді түсіндірді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты іс бойынша күдіктінің психиатриялық ауруханаға жіберілуіне байланысты Бас прокуратура түсініктеме берді.
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің айтуынша, мұндай жағдайда сот-психиатриялық сараптама тағайындау — аса ауыр қылмыстарды тергеу кезінде міндетті рәсім. Оның мәліметінше, сараптама жүргізіліп, қорытындысы тергеушіге берілген.
Бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаменті айыпталушының арнайы күзетілетін медициналық мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілгенін хабарлаған еді. Ем аяқталған соң ол қайтадан тергеу изоляторына жеткізіледі.
Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні Шымкентте студент Нұрай Серікбайды көшеде аңдыған ер адам пышақтап өлтірген. 28 жастағы күдікті екі күннен кейін ұсталып, қамауға алынған.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, Президент тапсырмасымен Шымкент полициясының әрекетіне тексеріс басталды. Соның нәтижесінде қалалық полиция департаментінің басшысы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды, бірқатар қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне байланысты жеке қылмыстық іс қозғалды. Ал негізгі іс кейін «ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына қайта сараланып, бұл бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бас прокуратура өкілдері 2026 жылдың басынан бері сталкинг деректері бойынша 176 қылмыстық іс қозғалып, 46 адамға сот үкімі шыққанын да мәлімдеді.
Материал авторы