Астанада екі жігіт «Газельден» азық-түлік ұрламақ болды
Күдіктілер тұрғын үй ауласында тұрған жүк көлігінің ішін тексеріп, ұрлыққа барған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада полиция тұрғын үй ауласында тұрған «Газель» көлігінен азық-түлік ұрлады деген күдікпен екі жас жігітті ұстады.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер аулада тұрған жүк көлігін байқап, оның ішін тексеруді ұйғарған. Көліктің жүк бөлігінің артқы есігі жабылмағанын көрген олар осыны пайдаланып, ішіндегі тауарларды алып шыққан.
Аталған көлік сауда өкіліне тиесілі болған. Ол онда азық-түлік салынған қораптарды тасымалдап, уақытша сақтаған. Күдіктілер тауардың бір бөлігін өздерімен бірге келген көлікке тиеп үлгергенімен, оқиға орнынан қашып кетуге мүмкіндік болмаған.
Олардың әрекетін аула тұрғыны байқап, бірден полицияға хабар берген. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары күдіктілерді жақын маңда қолға түсірді.
Ұрланған өнімдер тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Материал авторы