Аға ұрпақ пен жас ұрпақ арасындағы түсінбеушілік бұрын да болған. Бірақ бүгінгі қоғамдық сананың трансформациясы мен рухани кеңістіктегі тектоникалық өзгерістер — бұл құндылықтар инвентаризациясы мен ұлттық болмыстың мүлдем жаңа арнаға бұрылуы.
Асығыс алға аттанып бара жатқан цифрлы дәуірдің табалдырығында тұрып, адамзат өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпірдің шытынағанын сезіне бастады. Өскелең ұрпақтың айрықша сұранысы мен уақыттың қатал екпіні аға ұрпақты ғана емес, министрлерді екіге жарып отыр.
Министрдің «ұзын» құрығы мен жарнаманың бұлаң «құйрығы»
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметте өткен брифингте бакалаврларды небәрі екі жылда оқытып шығуға уәде берген жоғары оқу орнының жарнамасын сынға алды.

Журналистер қауымы жоғары білімге жауапты ведомствоның басшысынан мамандарды небары қос жылдық жеделдетілген бағдарлама бойынша даярлауға уәде беріп жатқан ЖОО-лар жұмысының қаншалықты заңды екенін нақтылаған болатын.
Саясат Нұрбек заң мен тәртіпке қалтқысыз бағынатын оқу орындары бұған бара алмайтынын, ал, барғандар — бұрыннан лицензиядан жұрдай екенін қатаң ескертті.
Өйткені «Білім туралы» заңына сәйкес, бакалавриат, магистратура мен докторантураның толық дәрежесін беру тек лицензиясы барлардың ғана еншісінде. Яғни, бәрі бақылауында көрінеді.
«Ол лицензияны басқа емес, біздің министрлік береді. Бұған қосымша, тәуелсіз агенттіктер жүргізетін аккредитация да қажет. Мен жауапты түрде мәлімдей аламын: өздерін насихаттап жүрген бұл университеттердің аккредитациясы жоқ және біздің министрлік оған лицензия берген жоқ. Сондықтан ол өзін университет деп атай беруі мүмкін, әрине, бірақ толыққанды білім беру қызметін көрсете алмайды», — деп, Саясат Нұрбек мемлекеттік қадағалауының құрығы ұзын екенін аңғартты.

Бірақ бәрі бақылауында болса, неге әлеуметтік желіні жаулаған әлгі жарнамаларға жаппай жол беріліп жатқаны жұмбақ. Министр бұл ұйымның диплом беруге де құқығы жоқтығына табандады. Себебі, жоғары білім беру бағдарламасын жүргізу үшін білім беру бағдарламаларының тізілімінде тіркелу қажет.
«Ол үшін Жоғары білімді дамытудың ұлттық орталығы бар: нақты жоғары білім бергісі келетін, диплом бергісі келетін кез келген білім беру ұйымы өз бағдарламасын осы орталыққа тапсырады, сараптамадан өткізеді. Өйткені ол білім беру бағдарламаларының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Бағдарлама осы тізілімде тіркелген кезде, бұл оның жоғары білім беру бағдарламасы екендігінің заңнамалық негізі болып табылады. Біздің орталыққа мұндай өтінім түскен жоқ», — деп түйіндеді министр.
Алайда «сұр» нарықтағы университеттер өзінің жеке үлгісіндегі дипломын беруді жалғастыруда. Жарнамасы заңнан озып кеткен білім ордаларының қос жылдық «ғажайыбы» қылар қайран қалдырмай, министрліктің қадағалауын қайраңда қалдырып тұр.
Зумерлер заманы: «махаббат, қызық» емес, скил мол жылдар
Сонымен бір мезгілде кетіп бара жатқан Парламент депутаттары Үкіметтен маман даярлауды Саясат сияқты көп созбауды сұрауда. Олардың хатында жазылғандай, Мәжіліс жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту мерзімін оңтайландыруды ұсынады.
Бұл әсіресе, колледждерге қатысты. Депутаттардың бастамасы бойынша 9-сыныптан кейін оқуға түскен бала әрі кетсе, 2,5 жылға дейін, ал, 11-сыныптан кейін оқуға түскен бойжеткен мен жігіт тек 1 жылға дейін оқуға тиіс.
Мәжілісмендер Ирина Смирнова, Магеррам Магеррамов, Асылбек Нұралин, Кенжеғұл Сейтжан, Ислам Сұңқар және басқа бастама авторларының дәйектеуінше, маман даярлауды бұлайша қысқартуға бірнеше объективті фактор итермелеп отыр.

Біріншіден, бұл оқу орындарының маман даярлау шығындарын 30—40%-ға қысқартады. Олар үнемделген қаражатты жан басына шаққандағы қаржыландыруды арттыруға бағыттай алады. Оқыту бағдарламаларын жетілдіреді.
Оқулықты жаңартады, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Сондай-ақ мұның білім беру процесінің нәтижелі қарқындылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні нықталды.
Екіншіден, бала көп жыл оқып жүргенде әлем мен технология алға кетіп, оның алған білімі мен машығы ескіріп қалады. Өйткені оқу бағдарламасына енгізілетін әрбір түзету, үтір-нүктені мемлекеттік білім тапсырысын бөлетін министрліктің ұзақ бюрократиялық келісімінен өткізу қажет.
Сондықтан, жоғарғы оқу орындары бұл көнерген былықтың бетін бүркемелеп, жылы жаба салады, өзектілендіру мәселесін қозғамауға тырысады. Бұдан ескірген материалдармен дайындалуға мәжбүр болашақ мамандар зардап шегеді.
Үшіншіден, қазіргі зумер жастар оқуға 3—5 жыл уақытын босқа шығындағысы келмейді. Танымы да бөлек. «Студенттік өмір рахат, білімнен басқаға бас қатырмау — ләззат», «Ей, махаббат, қызық мол жылдар!» сияқты ескі ұрпақтың санасына берік сіңген бұрынғы романтика бұлар үшін келмеске кеткен.
Қазіргі жастар қырындағанды «бишімбаевщина» немесе «харрасмент» деп қабылдайды, жанына жуытпайды. Оларға керегі — универде текке уақыт жоғалтпай, тезірек әрі жоғары табысты жұмыс тауып, баюдың қайнарын ашу. Кейін жұмыс берушіге дипломын көрсету үшін оқуға түседі.
Яғни, қазіргі заманда жоғары немесе кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын бітіретін маманға қанша кітапты оқығаны және қанша дәптерді конспектімен толтырғаны емес, қандай дағды-скилді меңгергені маңызды.
Байқасаңыз, қазіргі ұрпақ көп кино көрмейді, YouTube-тен оның қысқаша мазмұндамасын («Краткий пересказ фильмов») ғана тамашалайды. Демек, уақыт — бүгінгі ұрпақ үшін ең қымбат валюта, ал төрт-бес жылын оқуға сарп ету — сол капиталын тиімсіз рәсуалаумен тең.
Қос министрлік, екұдай ұстаным
Үкіметтің бір қанаты — Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеге мүлдем басқа қырынан қарайды. Олар депутаттардың «оқу мерзімін қысқарту керек» деген бастамасын қос қолымен қолдап отыр.
Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов хабарлады. Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі сөзден іске көшіп үлгерген. «Білім туралы» заңына өзгерістер енгізілді, колледждерге (университеттер жоғары білім министрлігінің қарауына кетті) академиялық дербестік берілді.
Уәкілетті органның, яғни, осы министрліктің оқу мерзімдерін белгілеу жөніндегі норма алып тасталған. Енді колледждер студентті қанша уақыт оқытам десе де өз еркі болады.
Асылбек Ахметжановтың түсіндіруінше, бұрын білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқыту мерзімдері нормативтік құқықтық актілермен қатаң регламенттелетін. Салдарынан, колледждерде жұмыс берушілердің сұраныстары мен жалпы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере кадрлар даярлау мүмкіндігі болмапты.
«ТжКОББ енді академиялық дербестік қағидаттары мен құқықтық тетіктерді қамтиды. Яғни, оқу орындарына 9-сыныпты бітіріп келген шәкірттерді 2,5 жыл, 11-сыныпты аяқтағандарды 1 жыл мерзімде ғана оқытатын бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Жалпы, білікті жұмысшы кадрлар деңгейі үшін оқу жүктемесінің көлемі 150-ден 225 кредитке дейінді құрайды», — деді оқу-ағарту вице-министрі.
Оның есептеуінше, жылдық міндетті ең төменгі оқу жүктемесі кемінде 75 кредитті құрайтынын ескерсек, ең төменгі есептік оқу мерзімі 2 жыл болуы мүмкін. Вице-министр осы уақыт ішінде білім алушы жұмысшы біліктілігі мен орта білім алып шыға алатынын мәлімдеді.
Сонымен бірге «оқу мерзімі студенттердің алатын мамандығының күрделілігі мен ерекшелігіне байланысты» болатынын қосты.
Оқу бағдарламасын оңтайландыруға ниетті университеттерді лицензиямен «қорқытып» отырған Ғылым министрлігі мен колледждерге еркіндік берген Оқу-ағарту министрлігінің ұстанымындағы алшақтық — Үкімет ішіндегі бірыңғай концепцияның жоқтығын көрсеткендей. Бірі сапаны уақытпен өлшесе, екіншісі нәтижемен, WorldSkills стандарттарымен бағалауды жөн көреді.
Адамзат дамуының жаңа кезеңінде білімнің «көлемі мен қарқыны» емес, «пәрмені мен пайдасы» бірінші орынға шықты. Білім беру жүйесіндегі бұл екіұдайлылық — ескі жүйенің соңғы тұяқ серпуі және жаңа дәуірдің талабы арасындағы тартыстың көрінісіне ұқсай ма?
RUS