SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызметші қаза тапқан қайғылы оқиғаға байланысты шекара бөлімшесінің бастығы сотталды. Іс Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қаралып, командир қызметтік салғырттық үшін кінәлі деп танылды.
Трагедия өткен жылдың қазан айында «Үстірт» шекара бөлімшесінде болған. Тергеу материалдарына сүйенсек, дизель агрегатындағы ақау туралы баяндалғаннан кейін бөлімше басшысы екі сарбазға кешкі уақытта жабдықты тазалауды ауызша тапсырған.
Оқиға барысында қатардағы әскери қызметші жанар-жағармай қоймасына кіріп, цистернаға көтеріліп, бензин құя бастаған. Сол сәтте ол улы буларды жұтып, есінен танып қалған. Шамамен 20 минут бойы ес-түссіз жатқан сарбазды әріптестері байқап, алғашқы көмек көрсеткенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Тергеу барысында бөлімше бастығы жабдықтың ақаулы екенін және қараңғы уақытта, жарықсыз жағдайда жанар-жағармаймен жұмыс істеу қауіпті екенін білгені анықталды. Соған қарамастан, ол қауіпсіздік талаптарын сақтамай, тиісті нұсқаулық өткізбестен тапсырма берген.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады. Ол оқиға орнына келгенде сарбаздың жерде жатқанын көргенін, жүрекке массаж жасап, санитарлық авиация шақырғанын айтты. Дегенмен дәрігерлер жеткенше әскери қызметшінің қайтыс болғаны белгілі болды.
Сот отырысында марқұмның анасы да сөз сөйледі. Оның айтуынша, ұлы медицина колледжін тәмамдап, әскери қызметке үлкен үмітпен аттанған. Қайғыға қарамастан, ол соттан айыпталушыға жеңіл жаза тағайындауды сұраған.
Сот үкімімен 26 жастағы шекара бөлімшесінің бастығы екі жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, марқұмның анасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеу міндеттелді.
Айта кетейік, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
RUS