310

«Ешкім жазадан құтылмайды»: Министр Әл-Фарабидегі апатқа кінәлілерге қатаң ескерту жасады

Президент тапсырмасынан кейін Алматыдағы жол апаты бойынша тергеу күшейтілді.

«Ешкім жазадан құтылмайды»: Министр Әл-Фарабидегі апатқа кінәлілерге қатаң ескерту жасады
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматыда адам өліміне әкелген резонансты жол апатына қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл істе кінәлілердің ешқайсысы лауазымы мен байланыстарына сүйеніп жазадан құтыла алмайды.

Министрдің сөзінше, мемлекет басшысы аталған оқиға бойынша тергеуді жан-жақты әрі объективті жүргізуді және барлық кінәлі тұлғалардың жауапқа тартылуын қамтамасыз етуді тапсырған.

Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды. Тергеу деректеріне сәйкес, ол жол-көлік оқиғасы кезінде алкогольдік масаң күйде болған.

Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі деректері бойынша да бөлек қылмыстық істер тіркелді. Тергеуді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр. Қоғамда тараған барлық мәліметтер тексерілуде.

Оқиғаға объективті баға беру үшін Алматыға ІІМ-нің арнайы комиссиясы жіберілді. Оның құрамына Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс департаменті кірген.

Қызметтік кемшіліктер үшін Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Министрдің мәліметінше, қалада тәртіпті күшейту шаралары қолға алынған. Басқа өңірлерден қосымша полиция күштері тартылып, қысқа уақыт ішінде 4,8 мың жол ережесін бұзу фактісі анықталған. Екі мыңнан астам көлік айып тұрағына қойылған.

Сәденов тергеу барысы жеке бақылауында екенін атап өтті. Оның сөзінше, заң алдында барлығы тең және бұл іс бойынша ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды.

Еске сала кетейік, Алматыдағы жол апаты салдарынан бірнеше адам қаза тапқан. Кейін күдіктінің ZEEKR көлігін басқарғаны және мас күйде болғаны анықталды. Тергеу аясында бірқатар заң бұзушылықтар әшкереленіп, полиция қатарында кадрлық шешімдер қабылданды.

Материал авторы