375

Иран Парсы шығанағы елдеріне қарсы шабуылды күшейтті

Иранның дрондық шабуылдары Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі мұнай-химия зауытында өрттің шығуына себеп болды.

Иран Парсы шығанағы елдеріне қарсы шабуылды күшейтті
REUTERS

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран Парсы шығанағы елдеріне қарсы шабуылдарын қайта жалғастырды. Бірқатар мемлекеттер Тегеранды инфрақұрылым нысандарын дрондар арқылы атқылады деп айыптап отыр.

5 сәуірде Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби билігі мұнай-химия зауытында өрт шыққанын хабарлады. Әңгіме Borouge компаниясына тиесілі кәсіпорын туралы болып отыр. Ресми мәліметке сәйкес, өртке әуе нысандарының ұсталғаннан кейін жерге құлаған сынықтары себеп болған. Қазір зауыт жұмысы уақытша тоқтатылып, келтірілген шығын есептеліп жатыр. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Оқиға алдында БАӘ Қорғаныс министрлігі бірнеше ирандық зымыран мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының әуеде жойылғанын мәлімдеген. Аймақта америкалық әскери базалар орналасқан елдердің ішінде БАӘ Иран шабуылдарына жиі ұшырайды. Тегеран мұндай әрекеттерін АҚШ пен Израильдің соққыларына жауап деп түсіндіреді.

Бахрейнде де мұнай инфрақұрылымы нысандары шабуылдан кейін өртенді. Bapco Energies компаниясының мәліметінше, резервуарлардың бірінде өрт шығып, кейін толық сөндірілген. Сонымен қатар Gulf Petrochemical Industries кәсіпорны да өз нысандарына дрондар шабуыл жасағанын растады. Бірнеше өндірістік алаңда өрт тұтанғанымен, ол да бақылауға алынған. Екі жағдайда да зардап шеккендер тіркелмеген.

Кувейтте жағдай күрделірек. Жергілікті билік ирандық дрондардың соққысынан екі электр станциясы мен су тұщыту кешендері қатты зақымданғанын хабарлады. Бұдан бөлек, бір ұшқышсыз аппарат Қаржы министрлігі ғимаратына соғылып, айтарлықтай материалдық шығын келтірген. Алайда мұнда да адам шығыны жоқ.

Аймақтағы жағдай АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операцияларынан кейін күрт шиеленіскен. 28 ақпаннан бері жасалған әуе соққылары барысында Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапқан. Бұған жауап ретінде Тегеран көрші елдерге зымырандар мен дрондар жіберіп, негізінен АҚШ әскери базаларын нысанаға алатынын мәлімдеп отыр.

Иран шабуылдары тек Парсы шығанағымен шектелмей, мұнай қоймалары мен танкерлерге де әсер еткен. Бұған қоса, Әзербайжан мен Еуроодаққа уақытша төрағалық етіп отырған Кипр де соққыға ұшыраған.

АҚШ президенті Дональд Трамп 4 сәуірде Иранға қойған ультиматумын тағы еске салды. Оның сөзінше, Тегеран 6 сәуірге дейін Вашингтонмен келісімге келуі немесе Ормуз бұғазындағы блокаданы тоқтатуы тиіс. Әйтпесе, АҚШ тарапынан қатаң соққы болатыны ескертілді. Иран билігі бұл талапты қабылдамаған.

Материал авторы