316

Қаскелеңде Джеки Чанның фильмдері үшін халықаралық деңгейдегі павильон салынуда

Жоба Алматы облысының әкімі мен халықаралық продюсерлердің қатысуымен меморандумға қол қою арқылы ресми бекітілді.

Қаскелеңде Джеки Чанның фильмдері үшін халықаралық деңгейдегі павильон салынуда
Алматы облысы әкімдігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласында  әлемдік стандарттағы «Dala Stage» кинопавильонының құрылысы басталды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жазды.

Салтанатты рәсімнің ең көрнекті сәттерінің бірі – Джеки Чанның символдық уақыт капсуласын тікұшақпен құрылыс алаңына жеткізу болды. Капсуланы режиссер Роберт Кун қабылдап, осында түсірілетін алғашқы фильм – «Құдай сауыты 4: Ультиматум» жобасын басқаруға дайын екенін көрсетті.

Рәсімге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, Джеки Чан продюсері Ли Чиу Ва, «DALA EDGE» паркі мен Salem Entertainment компаниясының басшыларымен меморандумға қол қойылды.

Облыс әкімі бұл жобаның Қазақстанның креативті экономикасы мен киноиндустриясын дамытуда маңызды қадам болатынын атап өтті.

«Біз ұлттық өзіндік ерекшелікті заманауи технологиялармен ұштастырған жаңа индустрияның қалыптасуын көріп отырмыз. Алматы облысы талантты жастарды тартатын орталыққа айналуы мүмкін», – деді Сұлтанғазиев.

Жаңа павильон қазақстандық мамандарға халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік беріп, шетелдік жобаларды тартуға септігін тигізеді. Соның ішінде Джеки Чан басты рөл ойнайтын «Құдай сауыты 4» фильмі осы павильонда түсіріледі.

Продюсер Ли Чиу Ва жобаның талқылау сатысынан іске асыру кезеңіне өткенін атап өтті.

Жалпы аумағы 15 гектарды құрайтын павильонның құрылыс алаңы шамамен 3 мың шаршы метр болады. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында аяқталуы жоспарланған.

«Dala Stage» ұлттық киноиндустрияны дамыту, мамандар даярлау, инвестиция тарту және бәсекеге қабілетті контент жасау үшін маңызды алаңға айналады деп күтілуде.

Материал авторы