SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда блогерге қатысты аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шықты.
Ресми мәліметтерге сәйкес, іс Қарабалық ауданының тұрғынына қатысты қаралған. Ол 2025 жылғы ақпанда ЖШС-не тиесілі өліп қалған және жарамсыз деп танылған құстарды шығару процесін көріп, санитарлық нормалар мен биологиялық қалдықтарды пайдалану ережелерін бұзғанын анықтаған. Блогер бұл сәтті мобильді телефонына түсіріп, YouTube каналында жариялаған.
Жазбадан кейін уәкілетті органдар тексеру жүргізіп, ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кейін ЖШС өкілі блогермен кездесіп, видеоны жоюды сұрап, түсіндірме алу ниетін білдірді. Алайда блогер қосымша видеолар бар екенін айтып, мәселені шешу үшін Shacman автокөлігін немесе 20 млн теңге көлемінде ақша беруін талап етті.
ЖШС құқық қорғау органдарына шағымданған. Жасырын тергеу әрекеттері барысында блогер ақшаны қалай беру керегін көрсетіп, оны өз ауласына шарбақтан лақтыруды ұсынды. Сол күні ЖШС өкілі 15 млн теңгені блогердің ауласына қоршау арқылы лақтырған.
Прокурор блогерге 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап прокурордың позициясын қолдады. Блогер сотта кінәсін мойындамаған, қорғау тарапынан ақтау үкімі сұралды.
Қылмыстық кодекстің 194-бабы, 4-бөлімі бойынша 7-тен 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған. Сот жазаны тағайындағанда жеңілдететін жағдай ретінде блогердің кәмелетке толмаған баласының барлығын ескерді. Қатаңдататын жағдай анықталған жоқ.
Сот блогерге 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, 2025 жылғы ақпанда Қостанай облысында блогер пара алу күдігімен ұсталған. Сол кезде 15 млн теңге тәркіленген еді.
RUS