Соңғы бірер айдың бедерінде Үкімет мінберінен Абай облысының басшылығына бағытталған «сын-жебелер» жиіледі. Шығыстың шырайлы өлкесіне айналуға тиіс жас облыс бүгінде түрлі сала бойынша рейтингтің ең соңғы саптарынан бір-ақ шығып жүр. Адамзаттың ғұламасының атын иеленген облыстың абыройына нұқсан келтірген бұл олқылықтардың астары неде? Кейбіріне тоқталсақ.
Тоң «тұңғиығы» және «тосын» келе жатқан тасқын
Бүгінде елдің бірқатар аймағында көктемгі су тасқынымен күрес басталып жатыр. Алайда Президенттің тапсырмасымен отырыстарына Премьер-министр Олжас Бектеновтің өзі тікелей төрағалық ететін Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың дерегінше, ең үлкен тәуекел аймағы — тап осы Абай облысы болып тұр. Біраз елді мекенінде «су тасқыны қаупі байқалады».
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қызыл су жүру қаупі зор Абай облысында мұз қабатының қалыңдығы 4 сантиметрге дейін және топырақтың тереңдігі 2 метрге дейін тоң болып қатып жатқанын хабарлады. Сондықтан Үкімет облыс әкімдігіне су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін қажетті ресурстарды дайындауды жүктеді.
«Елді мекендерден қарды тегіс алдын ала шығару керек. Бұл жұмыс тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүргізілуге тиіс. Барлық су тасқыны қаупі бар елді мекендердің айналасын топырақ үйінділерімен және арнайы бөгендермен бекіту қажет. Тиісті азық-түлік, жанар-жағармай материалдары, дәрі-дәрмек қорын және басқа да тіршілікті қамтамасыз ету құралдарын, әсіресе көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін елді мекендерде қамтамасыз ету керек. Өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілсін. Еріген қар суына қарсы инертті материалдар дайындалуға тиіс», — делінген Үкімет хабарламасында.
Аймақ басшылығы мұның бәрін лайықты жасады ма, жоқ па, тасқын қаупінің беті қайтқан соң, қалдырған салдарларынан белгілі болады.
Әділін айту керек, табиғи апаттар — әкімдіктің құзырындағы дүние емес, жігері қанша жалындаса да, қардың мөлшері мен мұздың қалыңдығын шенеуніктер реттей алмайды. Ең құрыса, қызыл суға тосқын құрудың әлгі іс-шараларын толыққанды атқарса жөн.
Апаттың алдын алу — пәрмен мен қажырдың, бірлік пен жауапкершіліктің өлшемі. Облыс тізгінін ұстағандардың бұл сынақтан қалай өткенін кейінгі қорытындылар көрсетері даусыз. Сақтыққа салғырт қараудың соңы сан соқтырар өкінішке соқтыратынын ескерсек, бұл байламның салмағы арта түспек.
Инфрақұрылымдағы іркіліс: көш соңындағы күрсініс
Астанадан соққан сын дауылы тек табиғи апатпен шектелмейді. Ол өңірдегі өзге салаларда да жүйелі проблемалар қордаланғанын аңғартады. Осы аптада вице-премьер Қанат Бозымбаев «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны» (ЭКСЖ) жүзеге асыратын Жобалық кеңсенің отырысын өткізді. Өңірде президенттік ұлттық жобаның орындалу барысы да көңіл көншітпейді.

Сурет: @KZgovernment
Қанат Бозымбаев бұл істе Абай облысының көрсеткіштері ортақ жұмысты кері тартып тұрғанын біліп, күрсіне бас шайқады. Оның мәліметінше, республика деңгейінде инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету жоспары 100% орындалғанына қарамастан, бірқатар өңір 2026 жылға арналған Ұлттық жобаны іске асырудың бекітілген кестесінен «едәуір артта қалғаны» анықталды.
Межеге жету қарқыны баяу болып, жаңарған Қазақстанның бұл кемесін тежеп келе жатқан «зәкір» кім? «Жылумен жабдықтау саласында —Абай облысы, электрмен жабдықтау саласында — Абай, су бұру (кәріз) саласында — тағы да Абай облысы» бекітілген кестеден қатты қалып келе жатқаны ашық жария етілді.
Жасыратыны жоқ, электр, жылу және су беретін құбырлардың, ЖЭО-лардың, жалпы инфрақұрылымның тозуы — бүгінгі биліктің басты бір «бас ауруына» айналып тұр. Елордадағы еңселі кеңселер иелерін тыңдасақ, ол аурудың асқынған бір ошағы осы өлкеде орналасқандай әсер қалады екен. Жүйелі проблемалардың шешілмеуі халықтың тұрмыс сапасына тікелей соққы екенін ескерсек, жергілікті шенділердің бұл митың жүрісі — кешірілмес кежірлік емес пе?
Таза Қазақстан мазасы: орман тәлімбағындағы олқылық
Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы — жай ғана экологиялық науқан емес, оның ұлттың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған саяси мұрасы.
Жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» президенттік бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу орталығының отырысын өткізді. «Таза Қазақстан» негізгі қағидаттары, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты негізгі құндылықтар жаңа Конституцияда нақты бекітілгенін нықтады О.Бектенов.

Сурет: @KZgovernment
Жиында көптеген пафосты баяндамалар жасалды. Бірақ сөз болыпотырған өңірдің көрсеткіші қатысушылардың көңіліне қаяу салғандай. Мемлекет басшысы елде 2025 жылға дейін 2 миллиард түп ағаш егу туралы міндет қойды. Кейін «дедлайын» 2027 жылға шегерілді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша 2021—2025 жылдары республикада шамамен 1,6 млрд ағаш отырғызылды, ал, биыл 210 млн-нан астам көшет егу жоспарлануда. Бірақ 2 миллиардты егіп тастау үшін көшет жетпей жатқан көрінеді.

Сурет: @KZgovernment
Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, жалпы ауданы 2,7 мың гектарлық 243 тәлімбақта небары 157 млн көшет қана өсірілуде. Осы жылы тағы 6 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, бірақ олардың әрқайсысының өндірістік қуаты жылына 6 млн көшетті құрайды.
Осы орайда басты үміт — еліміздің ең бай орман алқабы шоғырланған Шығыс Қазақстанға артылған еді. Министр орман тәлімбақтары желісін дамытуда өңірдің кешігіп жатқанын ескертті. Ал, Премьер-министр Абай облысының басшылығына орман тәлімбақтары құрылысын жеделдетуді және алдағы уақытта өңірде сапалы көшет қорының болуы үшін жабық өсіру жүйесі бар көшеттерді өсірудің орнықты жүйесін құруды қамтамасыз етуді тапсыруға мәжбүр болды.
Орындала ма? Кім білсін. Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы басқарып отырған өңір Мемлекет басшысының мирасына бей-жай қарамас, Үкімет басшысының сынынан кейін барын салар деп үміттенгіміз келеді. Жасыл желектің болашағы — сапалы көшет пен озық технологияда екенін ескерсек, Абай облысының бұл баяулығы ертеңгі күнгі орманның ортаюына әкеп соқтыруы бек мүмкін.
Сызбадағы сейсмика: қағазға сенген қауіпсіздік
Тұрғын үй құрылысы мен жер қатынастарын цифрландыру мәселесі де Үкіметтің «тіс қайрап» отырған тақырыбы. Өйткені Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтарды баспанамен қамтуға уәде еткені мәлім. Мәселе — Үкіметтің басты назарында.
Бұл ретте жуырда «кабмин» отырысында тұрғын үй құрылысы саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қатар қаралды. Үкімет басшысы жауапты министрлер мен барлық әкімнің негізгі міндеті — азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін нақты нәтижелерге қол жеткізу екенін атап өтті.
Бұл жиында енді аймақтағы жағдайға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев шағымданды.
«Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық базасы елбойынша инженерлік желілердің тек 94%-ын қамтиды. Осы цифрлық жүйе арқылы әкімдіктер бастапқы рұқсат құжаттарын беру, эскиз жобаларды келісу және техникалық шарттарды беру сияқты 146 мыңмемқызмет көрсетті. Алайда рұқсат беру процесін сапалы автоматтандыру үшін әкімдіктер қалалық жоспарлау құжаттарын жаңартуды жеделдетуі қажет. Осы бағытта жұмыс қарқыны ең төмен өңірдің бірі — Абай облысы», — деді министр.
Бұл өңірдің жер сілкінісі қаупі бар аймаққа жататыны мәлім. Е.Нағаспаев сейсмикалық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған міндетті талаптар Президент қол қойған жаңа Құрылыс кодексінде белгіленгенін еске салды.
Өз кезегінде Премьер-министр Абай өңірінің әкімдігіне 1 маусымға дейін бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарларды Қала құрылысы кадастрына көшіруді жалғастырып, саланы цифрландыру бойынша барлық жоспарды жеделдетуді тапсырды. Үкімет басшысының «көшіру мен жоспарды аяқта!» деп емес, «жалғастыр және жеделдет!» деп қана тапсыруы — мұның тым алыс перспектива екенін меңзесе керек.
Президент биылды «Цифрландыру және ЖИ жылы» деп жариялап отырғанда, цифрдан сескену, ашықтықтан жасқану жөн емес.
Мерейтойдағы мәрттік: бюджеттің берекесін кім қашырды?
Прокурорлар да бұл аймақтағы кей былыққа жаға ұстап отыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Абай облысында шенеуніктер мерейтойларына орай өздеріне мол сыйақы жазып отырған. Прокуратура бюджеттен заңсыз төлемдердің жолын кесті.
Бородулиха ауданының прокуратурасы бюджеттік қаражаттан әкімдік қызметкерлеріне — төл мерейтойларына байланысты 1 млн теңге сомада материалдық көмектің заңсыз үлестірілгенін әшкереледі. Сондай-ақ, 247 қызметкердің қысқа мерзімді демалысқа, жұмыс тоқтатылған уақытта жалақысын сақтауға және басқа да кепілдіктерге қатысты еңбек құқықтарын бұзатын ұжымдық шарттар табылды.
«Аудан прокуратурасы қабылдаған шаралар арқылы шарттар заңнамаға сәйкес келтірілді, ауылдық округ әкімінің өкімі жойылды, заңсыз төленген қаражат бюджетке қайтарылды. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жауапты тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.
Бір ғана ауданның өзінде осындай «жомарттық» орын алса, облыс көлеміндегі ахуалды көз алдыңызға елестетудің өзі қорқынышты. Хәкім Абай «адамзаттың бес дұшпанын» атап өткенде, оның үшеуі — мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ осы өңірден табылғандай ма?
Ұлы ойшылдың атын иемденген облыста шынымен мұндай рухани жұтаңдық пен қаржылық заңсыздыққа жол берілсе, үлкен ұят.
RUS