Қазақстан бюджет жоспары артығымен орындалып, қазынаға 6,4 трлн теңге жиналды

08.04.2026, 09:24
193
Қазақстан бюджет жоспары артығымен орындалып, қазынаға 6,4 трлн теңге жиналды SMARTNEWS.KZ коллажы

Кіріс көбейіп, инфляция баяулады дейді Үкімет.

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда бюджетке кіріс күткеннен де жоғары түсті. Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік қазынаға түскен қаражат жоспардан асып, айтарлықтай өсім көрсеткен.

Ресми дерекке сүйенсек, үш айдың қорытындысында бюджет кірістері 104,4 пайызға орындалған. Жоспарланған 6,2 трлн теңгенің орнына ел қазынасына 6,4 трлн теңге түскен. Яғни, бюджет 268,7 млрд теңгеге артық орындалды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 930,6 млрд теңгеге немесе 16,9 пайызға көп.

Түсімдердің артуы тек жалпы бюджетте ғана емес, республикалық және жергілікті деңгейде де байқалды. Мәселен, республикалық бюджет кірісі 101,8 пайызға орындалып, жоспардағы 4 085,6 млрд теңгенің орнына 4 159,4 млрд теңге түсті. Бір жылдағы өсім – 26,1 пайыз.

Бұл серпінге бірнеше фактор әсер еткен. Ең алдымен, Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларының әлемдік нарықтағы бағасы өсті. Сонымен қатар, 2025 жылдың соңында электронды шот-фактура жүйесінде тіркелген сауда көлемі артты. Бұған қоса, салық және кеден әкімшілендіруінің тиімділігі де кірісті ұлғайтуға ықпал еткен.

Республикалық бюджеттің негізгі бөлігін құрайтын салықтық түсімдер 101,6 пайызға орындалды. Жоспардағы 4 012,8 млрд теңгенің орнына 4 077,6 млрд теңге жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,5 пайызға көп. Өсімге ірі салық көздері әсер етті: импортқа салынатын корпоративтік табыс салығы 16,9 пайызға, қосылған құн салығы 24,2 пайызға, ал пайдалы қазбаларды өндіру салығы 35,7 пайызға артқан.

Жергілікті бюджеттер де жоспарды артығымен орындады. Олардың кірісі 109,3 пайызға жетіп, 2 285,5 млрд теңгені құрады. Дегенмен, мұндағы өсім қарқыны аса жоғары емес — небәрі 3,1 пайыз.

Салық базасының кеңеюі де байқалады. Жыл басынан бері арнайы салық режимі бойынша 392 мың адам тіркелген. Ал ҚҚС төлеушілер саны 10 мыңға көбейген.

Экономикадағы тағы бір маңызды индикатор — инфляция. Бірінші тоқсан қорытындысы оның баяулап келе жатқанын көрсетті. Егер қаңтар-ақпанда айлық өсім 1,0–1,1 пайыз болса, наурызда ол 0,6 пайызға дейін төмендеген. Жалпы, инфляция алты ай қатарынан бәсеңдеп келеді: 2025 жылғы қыркүйектегі 12,9 пайыздық шектен кейін көрсеткіш біртіндеп төмендеп, 2026 жылдың наурызында 11 пайызға жеткен.

Үкімет болжамынша, осы қарқын сақталса, 2027 жылдың басында инфляция бір таңбалы деңгейге түсуі мүмкін.

Жалпы алғанда, бюджет кірісінің өсуі экспорттық табыстың артуы, ішкі нарықтағы іскерлік белсенділіктің күшеюі және салықтық бақылаудың жақсаруы есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Рыбакина Porsche ұтып алған соң ғана жүргізуші куәлігін алғанын мойындады Атырауда қабірден қару шықты Қарағандыда мәдениет үйінің қасбеті құлаған 2 жасар Әмір жансақтау бөлімінде жатыр Еуропада авиаотын небәрі алты аптаға жетуі мүмкін Қазақстанды дауыл мен көктайғақ қатар қыспаққа алды «Тұйық, жалғыз жүретін»: 9 адамды атып өлтірген 14 жасар күдікті туралы жаңа деректер шықты Ұлытауда адвокат 31 млн теңгені алдап алып, сот алдынан бір-ақ шықты Биыл «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында алты елдің өкілдері бақ сынайды Ердоғанның шақыруымен Тоқаев Түркияға барады «Өшіреміз! Әзіл»: Қарағанды әкімі жылуға қатысты шағымдарға жауап берді Алматыда пышақ ұстаған ер адам көшеде адамдарды қуған Оралда алаяқтар әйелді 3 млн теңгеге алдамақ болған Шымкентте жалған Coca-Cola сусынының көшірмесі сатылып келген Семейдегі құрылыс алаңында жараланған 20 жастағы жігіт қолынан айырылды Атырауда түйе ұрлаған қылмыстық топ қолға түсті Шымкент әуежайында ұшақ итті қағып кетті Қазақстаннан күтпеген көмек: Дағыстан белсендісі бір бума доллар алғанын айтты (ВИДЕО) Қостанайлық блогер көшенің қақ ортасында қызға шабуыл жасады (ВИДЕО) Бастары дауға қалған әнші BayanSulu мен сазгер Қуат Әбілов татуласты (ВИДЕО) Астанада жасөспірім мектеп аумағына көлікпен кіріп, төбелес шығарған (ВИДЕО)