SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен уақытша бітімге келу туралы мәлімдемесі мұнай нарығын бір сәтте «суытып» жіберді. Геосаяси шиеленістің бәсеңдеуі әлемдік бағаларға бірден әсер етіп, қара алтын құны күрт төмендеді.
BBC таратқан мәліметке сәйкес, Вашингтон мен Тегеран арасында екі аптаға созылатын уақытша келісім қарастырылған. Оның басты шарты – стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету.
Осы мәлімдемеден кейін Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 15,9 пайызға құлдырап, бір баррелі 92,30 долларға дейін түсті. Ал АҚШ нарығындағы мұнай құны 16,5 пайызға арзандап, 93,80 доллар деңгейіне дейін төмендеген.
Дегенмен қазіргі баға көрсеткіштері 28 ақпанда қақтығыс басталғанға дейінгі деңгейден әлі де жоғары болып отыр. Бұған дейін энергия тасымалдаушылар құнының күрт өсуіне Таяу Шығыстағы шиеленіс себеп болған еді. Әсіресе Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге шабуыл жасауы мүмкін деген қауіп нарыққа қатты қысым түсірген.
Трамп әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде Иран бұғазды толық әрі қауіпсіз ашуға келіссе, АҚШ тарапынан әскери әрекеттер екі аптаға тоқтатылатынын ашық айтты. Бұған дейін ол келісімге келу үшін нақты уақыт белгілеп, мәміле болмаған жағдайда жағдайдың тым ушығуы мүмкін екенін де ескерткен.
Сарапшылардың пайымынша, Ақ үйдің бұл қадамы кездейсоқ емес. Энергия бағасының шарықтауы АҚШ экономикасына да кері әсер етуі мүмкін еді. Сондықтан уақытша бітім – нарықты тұрақтандыруға бағытталған амал.
AlphaSense сарапшысы Ксавьер Смиттің айтуынша, қақтығыстың өршуі экономикалық тұрғыдан «өз-өзіне соққы беру» болар еді. Ал қазіргі жағдайда, әсіресе саяси рейтингтер қысымға ұшырап тұрған тұста, мұндай тәуекелге бару тиімсіз.
Қысқасы, екі апталық бітім – тек әскери емес, экономикалық есептің де нәтижесі. Ал мұнай нарығы бұл сигналды бірден қабылдап, бағаларды төмендетумен жауап берді.
RUS