Қырғызстанда қазақстандық әйел балаларды азғындап келген
Әйел балалардың жалаңаш бейнелерін шетелдіктерге сатқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанда балаларға қатысты ауыр қылмыстар бойынша қозғалған іс аяқталып, сот үкімі шықты. Бұл істе негізгі айыпталушылардың бірі – Қазақстан азаматы.
Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті тергеу нәтижесін жариялап, кәмелетке толмағандарды заңсыз әкету және оларға қатысты заңға қайшы әрекеттер жасалғанын мәлімдеді.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қыркүйегінде Қырғызстан аумағында балаларды елден заңсыз шығару схемасы әшкереленген. Осы іс аясында Қазақстан азаматы мен Қырғызстан азаматы ұсталып, тергеу изоляторына қамалған.
Құзырлы органның мәліметінше, күдіктілер Израиль азаматының қатысуымен алдын ала сөз байласқан. Олар қаржылай және өзге де сыйақы үшін Қырғызстан азаматы арқылы үш кәмелетке толмаған баланы заңсыз иемденген.
Тергеу барысында балаларға қатысты әдепке жат, заңға қайшы әрекеттер жасалғаны анықталған. Бұл әрекеттер балалардың жеке өміріне қол сұғумен байланысты болып, кейін фото және өзге материалдар түрінде шетелдегі үшінші тұлғаларға мессенджерлер арқылы жіберілген.
Сонымен қатар, күдіктілер екі баланың толық қамқорлығын заңды түрде рәсімдеп алғаны белгілі болды. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл балаларға қатысты да ұқсас заң бұзушылықтар жасалған.
Арнайы қызмет өкілдері істің әлі толық жабылмағанын атап өтті. Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтау және ұстау шаралары жалғасып жатыр.
2026 жылдың 12 наурызында сот үкімі шықты. Қазақстан азаматы 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Қырғызстан азаматы 11 жылға сотталып, оның мүлкі тәркіленді.
Материал авторы