SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда сот шешімімен заңгер және блогер Әділетхан Молдаханға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі айға қамауға алу санкцияланды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Тергеу мәліметінше, ол әдейі жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, екі ай мерзімге қамауда ұстау туралы шешім қабылданған.
Құқық қорғау органдары қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.
Әділетхан Молдаханның ұсталғаны 31 наурыз күні белгілі болған еді. Сол кезде полиция оны жалған ақпарат тарату дерегі бойынша уақытша ұстау изоляторына жеткізілгенін мәлімдеген.
Соңғы уақытта блогер әлеуметтік желілерде Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған, үш адамның өмірін қиған резонансты жол-көлік оқиғасын белсенді түрде талқылап жүрген.
RUS