Қарағандыда бұрынғы банкир зейнеткерлердің атына жасырын несие алып келген
Алаяқ қарияларды кредит берілмейді деп алдап, ақшаны өзіне аударып отырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Осакаров ауданында зейнеткерлерді алдауға құрылған алаяқтық схемасы әшкереленді. Күдікке бұрын банк саласында жұмыс істеген 36 жастағы азамат ілінді.
Тергеуге 67 жастағы әйелдің арызы түрткі болған. Оның айтуынша, өз атына шамамен 1,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімделген, алайда ол бұл туралы мүлде хабарсыз болған. Бұған дейін әйел банкке құжаттарын тапсырғанымен, қарыз алынғанын білмеген.
Полиция дерегінше, күдікті клиенттердің сеніміне кіріп, олардың жеке мәліметтеріне қол жеткізген. Құжаттарды пайдаланып, зейнеткерлердің атына несие рәсімдегеннен кейін, оларға «несие мақұлданбады» деп хабарлаған. Ал алынған қаражатты өз есепшоттарына аударып отырған.
Қазіргі уақытта жәбірленушілердің барлығы – егде жастағы азаматтар. Полицияға осыған ұқсас тағы алты арыз түскен. Келтірілген шығын көлемі әлі нақтыланып жатыр және бұдан да көп болуы мүмкін.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, күдіктінің басқа эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Құқық қорғау органдары тұрғындарды жеке деректер мен құжаттарды тапсыру кезінде барынша сақ болуға шақырды.
Материал авторы