SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандықтарға «айыппұл төлеу» сылтауымен жасалатын жаңа алаяқтық тәсілі туралы ескерту жасалды. Полиция мәліметінше, күмәнді хабарламалар арқылы азаматтардың жеке деректері мен банк мәліметтері қолға түсіп жатыр. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Абай облысы полиция департаментінің дерегінше, алаяқтар мемлекеттік қызметтерге деген сенімді пайдаланып отыр. Азаматтардың телефонына мемлекеттік байланыс орталығының ресми нөміріне ұқсас хабарламалар келеді. Онда «айыппұл салынды» деп көрсетіліп, оны тексеру немесе төлеу үшін сілтемеге өту ұсынылады.
Алайда бұл сілтеме ресми eGov порталына ұқсас болғанымен, шын мәнінде жалған сайтқа бағыттайды. Қолданушы кез келген ЖСН немесе көлік нөмірін енгізсе де, жүйе жалған «айыппұл» бар екенін көрсетеді. Бұл – сенім қалыптастыруға арналған айла. Ал «төлеу» батырмасын басқанда, сайт банк картасының толық деректерін сұрайды. Осы мәліметтер арқылы алаяқтар азаматтардың шотындағы қаражатты шешіп алуы мүмкін.
Полиция мұндай схеманың басты белгісін атап өтті: жүйе қате деректер енгізілсе де «айыппұл бар» деп көрсетеді. Бұл – адамды асықтырып, тез әрекет етуге итермелейтін психологиялық қысым.
Құзырлы органдар мемлекеттік мекемелер ешқашан SMS арқылы жеке немесе банк деректерін сұрамайтынын ескертеді. Айыппұлдарды тек ресми платформалар арқылы ғана тексеру қажет.
Азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз сайттарға жеке мәліметтерді енгізбеу және «шұғыл төлеу» талап етілген хабарламаларға сенбеу ұсынылады. Күмән туған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Бұған дейін де жүргізушілерге жол ережесін бұзғаны үшін жалған айыппұл туралы хабарламалар жіберілгені айтылған. Ондай хабарламаларда жеке деректер мен көлік нөмірі көрсетіліп, төлем жасау үшін сілтеме ұсынылады. Шын мәнінде, бұл – фишингтік шабуыл: алаяқтар банк шоттарына қол жеткізуді көздейді, ал сілтемелерде зиянды бағдарламалар болуы мүмкін.
RUS