Келер ұрпақтың несібесі мен ел ертеңінің кепілі саналатын Ұлттық қор соңғы кездері стратегиялық резервтен гөрі, бюджеттің «жыртығын жамайтын» кезекші кассаға айналып бара жатқандай. Жоғары аудиторлық палатаның соңғы есебі мен Парламент мінберінен айтылған өткір сындар активтерді басқаруды жаппай жайлаған жүйесіздіктің, жауапсыздықтың және күмәнді схемалардың бетін ашты.
Жүйелі хаос және «ұжымдық жауапсыздық»
Аудиторлар Ұлттық қор қаражатын пайдалану кезінде миллиардтаған теңгені таппай қалды. Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайыловтың жетекшілігімен өткен ҚР Ұлттық қорының қаражатын жұмсауды мониторингілеу жөніндегі комиссияның жыл сайынғы отырысында 7,2 триллион теңгенің пайдаланылуына қатысты жүргізілген тексеру қорытындысы жарияланды.

Сурет: @auditpalatasy
Аудиторлық есептің нәтижесі көңіл көншітпейді: ұрпаққа арналған деген«кассаны» басқаруда «жүйелі хаос» белең алыпты. Сарапшылар басты мәселелердің бірі ретінде бірыңғай «қожайынның» жоқтығын атады.
Қазіргі таңда Ұлттық қордың функциялары Экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Ұлттық банк арасында үлестірілген. Аудиторларға осы үш ведомствоның арасында шабылуға тура келген. Әрқайсысытексерушілерді әрлі-берлі сергелдеңге салыпты.
Мұндай бытыраңқылық, аудиторлардың пікірінше, жауапкершіліктің шайылуына алып келді. Әрі инвестициялық тиімділіктің ашық есебін жүргізуге кедергі келтіруде. Салдарынан, триллиондаған теңгенің қозғалысы туралы тұтас көріністі ешбір ведомство толық бере алмапты.
Миллиардтар қалай «мифке» айналды?
Тексеру барысында 3 мың бюджеттік жоба мен квазимемлекеттік секторға берілген облигациялық қарыздар сараланды. Анықталған бұзушылықтардың биіктігі сонша, ұшар басына қараған жанның бөркі ұшып түседі. Комиссия келесі сорақылықтарды тіркеді:
– «Ауа» мен «бос кеңістікті» қаржыландыру схемасы: Ұлттық қордың қыруар қаржысын қолында билігі барлар тіпті жобалау-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) жоқ, жер телімдері де бөлінбеген шикі жобаларға таратқан. Салдарынан, жалпы құны 394 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам жоба артынша тып-тыныш, ың-шыңсыз тізімнен сызылып тасталған немесе басқасына ауыстырылған.
– «Местный» мүдделердің салтанаты: игілігін бүкіл республика көретін стратегиялық маңызы бар ұлттық жобалардың орнына қордың ақшасы «жергілікті ғана маңызы бар жобаларды» қаржыландыруға, тіптіауылдарды абаттандыру сияқты жұмыстарға, жергілікті бюджеттің міндетіне жататын ұсақ-түйек шаруаларға шашылған.
– Тәбеттің тасуы: қор ақшасын молынан игеру үшін бағаны асыра көрсету жаппай белең алған. Кей өңірде сатып алынатын жабдықтардың бағасы жоспарланған көрсеткіштен екі есеге асыра көрсетілген.
– Мақсатсыз пайдалану: ауылдық медицинаға тиесілі қаражаттыодан жырып алып, қалалық өзге нысандарға заңсыз қайта бағыттаған.
2023-2024 жылдардағы Ұлттық қор қаражатын игеру қорытындысы бойынша бірқатар қылмыстық істер тіркелді. ЖАП мақсатсыз пайдаланылған 64 млрд теңгені бюджетке қайтаруды талап етуде.
Жұмыс тобы толық бағалау циклінен өтпеген жобаларға трансферттер бөлуге тыйым салуды және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің облигациялық қарыздарын мерзімінен бұрын қайтару механизмін пысықтауды ұсынды.
Мұнайға қатысты мұң: сандардың «сиқыры»
Қазіргі кезде Америка — Иран соғысының салдарынан қара алтынның бағасы аспанға ұшып кетті. Көрші Ресей 70 миллиард доллардан аса қосымша табысқа кенеліп, қоңдануда. Қазақстан ше?
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы айларында Ұлттық қорға 701,4 млрд теңге (шамамен 1,2 миллиард доллар) түскен. Оның 700,8 млрд теңгесі мұнай секторынан құйылған. Алайда оның үлкен бөлігін Үкімет «жеп» қойыпты.
«Дәл осы кезеңде Ұлттық қордан 460,3 миллиард теңге жұмсалды. Бұл соманың негізгі бөлігі, яғни 460 млрд теңгесі республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт түрінде аударылды. Тағы 280 млн теңге қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті өткізуге байланысты шығыстарға шығындалды», — деп хабарлады Қаржы министрлігі.
Нәтижесінде, ведомствоның дерегінше, қазіргі кезде Ұлттық қорда 39,64 трлн теңге (шамамен 85 миллиард доллар) ғана бар. Президенттің Ұлттық қордағы қаражатты 100 миллиард долларға жеткізу туралы тапсырмасы тіпті мұнай бағасы ұшқан заманда да орындалмай тұр.

Сурет: @KZgovernment
Парламент қабырғасында Ұлттық қордың кіріс бөлігіне қатысты қызу пікірталас өрбіді. Өйткені ЖАП қордың 64 миллиардын қайтару керек десе, қалаулылар шенеуніктердің кері оралтуға тиіс ақшасы жүздеген миллиардпен саналатына сенімді. Өйткені Үкімет әртүрлі көлеңкелі схемалармен Ұлттық қорды өзіне тиесілі қаражаттан қағып келеді.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Ұлттық қорға табиғи және басқа ресурстарды пайдаланғаны үшін елімізде мұнай компанияларының шамамен 60‒70%-ы ғана салық төлейді екен.
Оның дерегінше, мысалы, 2024 жылы Үкімет Ұлттық қорға тікелей салық төлейтін мұнай компанияларының санын 8,5 есеге, яғни 204-тен 24-ке қысқартып тастаған. Неге? Бюджеттің жыртығын жамау үшін.
«Соның кесірінен Ұлттық қорға 166 миллиард теңге түспеді. Бұл Жоғары аудиторлық палатаның былтырғы қорытындысында көрсетілген. Бұл Үкіметтің Ұлттық қордан республикалық бюджетке қаражат бөлу рәсімдерін айналып өтудің жаңа тәсілін тапқанын көрсетеді. Меніңше, ұлттық ресурстарды пайдаланып отырған барлық компаниялар тікелей Ұлттық қорға салық төлеуге тиіс», — деді мәжілісмен Н.Сабильянов.
Бұл сұраққа бұған дейін Қаржы министрі Мәди Тәкиев жауап берген болатын. Оның мәліметінше, шынында да Бюджет кодексі бойынша мұнай саласындағы барлық компания Ұлттық қорға салықтарын төлеуге тиіс. Ол депутаттар мен ЖАП-тың мұнай компанияларының қатары сиреді деген ақпаратын растамады.
«Керісінше, 2020 жылдан бастап олардың саны өсуде, 2020 жылы 155 компания болса, бүгінгі таңда 211 компанияға жетті. 2024 жылы 204 компания болған. Салықтың 97%-ын осы 204 компанияның 24-і төлеп отыр. Жалпы, салық төлейтін компаниялардың саны өсуде», — деді елдің бас қаржыгері. Мұндай уәж сарапшылардың да, депутаттардың да көңіліндегі күмәнін сейілте алмады.
«Өзі би, өзі қожа»: ашықтық дефициті
Жалпы, Мәжілістің дерегінше, Үкімет бәрібір Ұлттық қордың ақшасына аяусыз қол салуда. Президенттің қорды шығындауды қатаң шектеу туралы қатаң ескертуіне қарамастан, 2024 жылы Ұлттық қордан бюджетті толтыру үшін 5,6 триллион теңге алынса, 2025 жылы тағы 5,3 триллион жаратылды. Яғни, 2024 жылы бюджеттің 25%-ы, 2025 жылы тағы 23%-ы Ұлттық қордан толтырылған.
«Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін басқарады. Алайда салымдардың құрылымы, тәуекелдері мен кірістілігі бұрынғысынша қоғам мен Парламент үшін жабық күйінде қалып отыр. ЖАП есебінде Ұлттық банктің есептілігінде валюталар, орналастырылған елдер, кірістілік, стресс-тестер және бақылау жүйесі туралы мәліметтердің жоқ екені атап көрсетілген. Қазақстанда осы уақытқа дейін ашық есептілік те, тәуелсіз бақылаушы орган да жоқ. Ұлттық банктің өзі басқарушы мен реттеуші функцияларын қатар атқарады. Өзі би, өзі қожа. Бұл мүдделер қақтығысын тудырады. ҚРҰБ осы уақытқа дейін Ұлттық қорды басқарудың халықаралық ашықтық стандарттарын енгізген жоқ», — дейді мәжілісмен Ерлан Стамбеков.
Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев Ұлттық қорға қатысты мәселелер қоғамның ерекше назарында екенін мойындады. Оның мәліметінше, Ұлттық банк өз тарапынан бүкіл есептілікті жыл сайын Үкіметке беріп тұрады. Неге жарияланбайтыны — үкіметтегілердің арында.
«Ол есепті Қаржы министрлігі жинақтайды, ары қарай Президенттің Жарлығымен бекітіледі. Бекітілгеннен кейін міндетті түрде жариялануғатиіс. Дегенмен соңғы жылдары бұл ақпарат толығымен жарияланған жоқ, себебі халықаралық төрелік соттарда, арбитражда қорға қатысты резонанстық істер болды. Биыл осы есептілік толығымен жарияланады. Инвесткөрсеткіштер, мемлекеттер бөлінісінде табыстылыққа, валютаға қатысты барлық ақпарат болады», — деді бірінші орынбасар.
Оның сендіруінше, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында енді Ұлттық банк есептілікті ай сайын, тоқсан сайын сайтында және тиісті ақпарат құралдарында жариялап тұрады.
«Ұлттық қорды басқару бойынша арнайы кеңес және қор қаражатының тиімді игерілуін бақылайтын арнайы комиссия бар. Сондықтан осы бағытта бақылауды күшейтетін арнайы органның құрылуын жоспарлап отырған жоқпыз», — деді Е.Жамаубаев.
Мемлекеттік мистика: «виртуалды» құбырдан шытырлаған қаржы
«Ақ жол» басшысы Азат Перуашев Үкіметтің өз сөзінде тұра алмай келе жатқанына қапалы.
«Мәселен, 2024—2026 жылдарға арналған бюджет жобасын бекіту кезінде Үкімет 2025 жылдан бастап Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттерден толық бас тарту жоспарын мәлімдеген болатын. Ол кезде Мәжіліс бұл тәсілді қолдады. Кейінірек бұл шешім қайта қаралды, соған қарамастан Ұлттық қордың шығыстары ең болмағанда азаяды деген үміт болған еді. Алайда шындық керісінше болып шықты. Егер 2023 жылы бюджет шығыстарының 46% Ұлттық қор есебінен жабылса, 2024 жылы бұл тәуелділік 54%-ға дейін өсті. Ұлттық қорды тақырлау,орынсыз жұмсау үдерісі тек күшейе түсті», — дейді Азат Перуашев.
Ұлттық қорды жұмсауда қиғаштықтар, талан-тараж ету схемасы толып жатыр. Ұлттық қор қаражатын жұмсаудағы ең бір ақылға сыйымсыз мысал ретінде сенаторлар кәріз желілеріне қатысты деректерді келтірді. Құжат бойынша жөнделген желілердің ұзындығы мен нақты жағдай арасындағы айырмашылық мыңдаған шақырымнан асқан.
Республика бойынша кәріз желілерінің ұзындығына байланысты айырмашылық 1 мың 878 шақырымға жеткен. Ал, оларды ауыстыру кезіндегі айырмашылық 2 мың 327 шақырымды құраған екен. Осыншаға артық жөнделетіндей жергілікті әкімқаралар қосымша канализацияны қайдан тапқан? Кейбір облыс бойынша кәріз желілерінің тозу деңгейіне қатысты деректердің айырмашылығы 400 километрден асып кетеді екен. Шенеуніктердің «тәбеті» осындай виртуалды шақырымдарды «жөндеу» арқылы ортақ қазынаны ортайтып отыр.
Егер Үкімет Ұлттық қорды басқарудың ашық тетігін енгізіп, «көлеңкелі» шығындарды тоқтатпаса, болашақ ұрпақтың резерві бүгінгі күннің тиімсіз менеджментінің құрбаны болып кете бермек.
RUS