Атырау облысында КамАЗ тізгіндеген мас жүргізуші қолға түсті (ВИДЕО)
Қауіпті жүргізуші жауапқа тартылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында республикалық маңызы бар Доссор – Құлсары – Бейнеу тас жолында КамАЗ жүк көлігін басқарған жүргізуші тоқтатылды. Оқиға 9 сәуір күні шамамен сағат 15:30-да, жолдың 11-шақырымында тіркелген.
Тексеру барысында жүргізушіден күмәнді иіс байқалып, қосымша тексеріс жүргізілген. Сонымен қатар оның тиісті жүргізуші санаты жоқ екені анықталған.
Кейін ер адам Мақат ауданына қарасты Доссор кентіндегі медициналық мекемеге жеткізілді. Сараптама қорытындысы бойынша, оның орта дәрежедегі алкогольдік мас күйде болғаны белгілі болды.
Аталған дерекке байланысты жүргізушіге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы 1-бөлігі және 612-бабы 2-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды. Іс материалдары Мақат аудандық сотына жолданған.
Жүргізушінің айтуынша, ол Доссордан Теңіз қалашығына жұмысқа бара жатқан.
Құқық қорғау органдары мас күйде көлік басқару адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Материал авторы