Glovo желідегі курьердің арбаға дәрет сындырған бейнесіне қатысты жауап берді
Күдікті курьер дәлізде тұрған балалар арбасына дәрет сындырып кеткен еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Glovo компаниясы тұрғын үй кешенінде болған даулы оқиғаға байланысты ресми ұстанымын жариялады. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба қоғамда қызу талқыланып, компания түсініктеме беруге мәжбүр болды.
Компания мәліметінше, бейнеде көрсетілген адам 2025 жылғы 25 қыркүйектен бері Glovo платформасымен ешқандай байланыста емес. Яғни, ол оқиға болған кезде қызмет көрсетуші ретінде тіркелмеген.
Glovo өз қызметіне курьерлерді тарту және олардың жұмысын бақылау барысында қатаң талаптар қолданылатынын атап өтті. Компанияда этикалық және кәсіби нормаларға сай келмейтін тұлғаларды анықтап, жүйеден толықтай бұғаттайтын арнайы мониторинг механизмі бар. Ресми дерекке сәйкес, тиісті шаралар бұл жағдайға дейін-ақ қабылданған.
Сондай-ақ компания құқық қорғау органдарымен тергеу аясында толық көлемде ынтымақтастық жасауға дайын екенін жеткізді.
Glovo өкілдері болған оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, мұндай әрекеттердің компания ұстанымдары мен құндылықтарына мүлде қайшы келетінін қадап айтты.
Материал авторы