3 адамның өлімі сабақ болмады: Астанада Zeekr пен BMW жарысып, жұрттың зәресін алды
Жарысқан жүргізушілер жол ережесін өрескел бұзған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада Zeekr маркалы көлік жүргізушісі қала көшелерінде қауіпті жарыс ұйымдастырып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзды. Тәртіп бұзушы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды полицияға сілтеме жасаған дереккөз.
Әлеуметтік желіде zhanna_seifullaevna лақап атымен жазба жариялаған қолданушы жүргізушінің әрекетіне шағымданған. Оның айтуынша, Zeekr жүргізушісі BMW көлігімен Тұран даңғылы мен Қорғалжын тасжолында жарыс ұйымдастырған. Жол үстінде жылдамдықты шамадан тыс арттыру, арақашықтық сақтамау, агрессивті маневр жасау және басқа көліктерді қауіпті түрде қысып өту фактілері тіркелген.
Куәгердің сөзінше, көліктер санаулы секундта көзден ғайып болатындай жылдамдықпен жүрген. Бағдаршамдарға жақындағанда жүргізуші жолақтар арасында «жүзіп», өзге қатысушыларға қауіп төндірген. Мұндай әрекет кез келген сәтте ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді, өйткені жолда қарапайым жүргізушілермен қатар отбасылар мен балалар болған.
Жазбаға пікір қалдырған елордалық полиция тәртіп бұзушының анықталғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Zeekr жүргізушісі маневр жасау ережелерін бұзғаны және апатты жағдай туғызғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ онымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Zeekr көлігі қатысқан ауыр жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Қарсы бағытқа шығып кеткен көлік Mercedes-пен соқтығысып, салдарынан үш адам қаза тапқан. Кейін бұл іс бойынша тергеу күшейтіліп, күдікті қамауға алынған.
Материал авторы