«Балалы үй — базар» дейтін байырғы қазақы танымның бүгінде «балалы үй — бейнет» деген үрейге алмасуының астарында не жатыр? Мемлекеттік қамқорлықтың тарылуы, әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуі елімізді қайда бастап барады?
Статистика да шошыта біледі: алтын құрсақ пен ащы шындық
Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі бойынша 2021 жылы 445 мыңнан астам сәбидің үнімен тербелген қасиетті қазақ даласы 2025 жылға қарай бұл туу көрсеткішінің 335 мыңға дейін қатты құлдилағанын көріп, тебірене шошынса керек.
Төрт жыл ішінде 110 мың баланың «кем туылуы» — бұл жай ғана цифр емес, бұл — ел болашағының тамыры суала бастағанының нышаны болуы да мүмкін.
Бір өкініштісі, бұл тұрғыда Қазақстан көш соңында қалып, Орталық Азиядағы көршілеріміздің ғаламат өсіміне сырттай қызыға қарайтын күйге жетті. Статистика — айна. Ал сол айнадан ел өзінің ертеңге деген сеніміміздің селдіреп қалған бейнесін көріп отырғандай.
Енді көп балалы аналарға тоқталсақ. Ұлттық статбюро мәліметі бойынша Қазақстанда 4 баласы бар аналардың саны 2021 жылғы74 101 анадан 2025 жылы 53 548 анаға дейін күрт азайып қалды.
5 баласы бар аналардың саны 2022 жылғы 36 378 анадан 2025 жылы32 024 анаға дейін сиреді. Демографияны дәл осы төрт және бес балалы аналар өрге сүйрейтінін ескерсек, қалыптасқан жағдай — үлкен дабыл.
Атаулы көмек: жомарттықтан жұтаңдыққа
Energyprom агенттігі сарапшыларының түсіндіруінше, қазіргі кезде Қазақстанда көп балалы ана болу — кедейліктің қамытын кию деген сөз. Өйткені мемлекет көп балалы аналарға бұрынғыдай қуатты көмек көрсетпейді.
Көпбалалы болу — бақыт пен бақуатты тірлік емес, әлеуметтік төменгі сатыға түсудің төте жолына айналған заман. Үкіметтің қаһарман ана атағын бергенімен, оның тұрмыстық қасіретіне көз жұма қарауы — мемлекеттік деңгейдегі сабырлы сарказмның ең сорақы түрі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің ресми дерегінше, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалғандар саны (сәуірдегі жағдай бойынша):
2024 жылғы 317 мың адамнан,
2025 жылы 214,3 мың адамға және
2026 жылы 167,4 мың адамға дейін азайтылған.
Мемлекеттен көмек алатын адамдардың саны еселеп қысқарса, қалғандарына көбірек қаржы тиетін болар? Жоқ, қаражат та қысқартылыпты. 2025 жылы АӘК төлеуге бюджеттен 132,9 млрд теңге жұмсалса, биыл небары 62,7 млрд теңге қарастырылған.
Атаулы әлеуметтік көмек көлемінің бұлайша еселеп азайтылуы — үнемдеудің ең аяусыз түрі. Шенеуніктер үнемді өзінен емес, өсіп келе жатқан ұрпақтың несібесінен бастағандай. Экономикалық қиындықтарды баланың аузынан жырып алу арқылы шешу — болашақты бүгін жеп қоюмен бірдей емес пе?
«Ең осал санат ретінде сол бойы көп балалы отбасылар қалып тұр. Кедейлік қаупі отбасы мүшелерінің санымен тікелей байланысты. 5 және одан да көп адамнан тұратын отбасылар арасында күнкөріс минимумынан төмен табыс алатын халықтың үлесі орасан 9,1%-ға жетті. Әрбір он адамның біреуі қаржылық мүшкіл жағдайда. Бұл 4 адамнан тұратын үй шаруашылықтарына (2,6%) қарағанда 3,5 есе жоғары, 3 адамнан тұратын отбасылармен салыстырғанда 10 есе көп (0,9%)!», — дейді Energyprom агенттігінің сарапшылары.
Қорыта айтқанда, көпбалалы отбасылар ең жоғары тәуекел аймағында қалып отыр: олардың төмен табысқа қатысты осалдығы бір адамнан тұратын үй шаруашылықтарымен салыстырғанда шамамен 75 есе жоғары! Бес баласы бар үйдің әрбір оныншы мүшесі қаржылық мүшкіл халде.
Министрліктен талау, қалаулыдан құптау?
Еңбек министрлігі мен депутаттардың ұстанымы тіпті қызық. Бала күтімімен отырған ана егер нәпақа іздеп жұмыс істей бастаса, мемлекет оған берген жәрдемақысын кері тартып алады.
Ақпарат құралдары депутаттар мен Еңбек министрлігінің жұмыс істейтін аналарға жәрдемақы төлеуге қарсы шығып, тыйым салғанына назар аудартуда. 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табыстан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерге жұмыс істейтін ата-аналардың үміткер болуына тыйым салатын норма 2023 жылдан бастап күшіне енді, деп жазды Ulysmedia.kz.
«Бұл төлемнің негізгі мақсаты — әлеуметтік тәуекел туындауына байланысты табыстың жоғалуын өтеу. Ендеше табысы қайта қалпына келген сәтте төлем тоқтатылуға тиіс. Егер адам жұмысқа шықса, ол 10 күн ішінде әлеуметтік сақтандыру қорын хабардар етуге міндетті. Бұл талапты уәкілетті органдар бақылайды. Олар әйелдерге заңсыз алынған қаражатты қайтару туралы хабарламалар жібереді», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай.
Қанша ананы бала туғаны үшін берілген төлемді қайтаруға міндеттегендерін вице-министр жасырып, айтпады.
Депутат Айгүл Құспан бұл тәсілді әділетті және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жүктемесіне сай деп санайды.
«Әрине, мемлекет бай болғанда, бұл жәрдемақыны жұмыс істейтіндерге де төлеуді жалғастыра беруге болатын еді. Бірақ біздің бюджетіміздің өзі 60%-ға әлеуметтік бағытталған. Қанша жәрдемақы төленетінін елестетіңізші?! Мүмкін, бір күні біз соған жетерміз», — деп жылы жаба салды Айгүл Құспан.
Оның пікірінше, Қазақстанда жас ата-аналарға берілетін төлемдер жеткілікті және бұл саладағы кез келген жеңілдік мемлекет үшін жаңа проблемалар туындатады.
Әйелдер бала тууды қойып барады. Егер ертең елде адам қалмаса, мемлекеттің де болмайтынын, нағыз проблема сонда туындайтынын депутат мырзалар түсінбейтін болса керек.
«Бізден кейін топан су басса да мейлі» деген шенділердің шіренген кейпі осы ма? Мемлекеттің байлығы — оның қазба байлығында емес, адамында екенін ұғынғысы келмейтін жандар болашақтың алдында жауапсыз болмай ма?
RUS