SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлытау облысында жұмыс орнында ішімдік ішкен медицина қызметкерлеріне қатысты дау қоғамда резонанс тудырды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін тексеріс жүргізіліп, бір дәрігер қызметінен босатылды.
Оқиға Сәтпаев қаласындағы ауруханада болған. Бейресми мәліметке сәйкес, жағдай Наурыз мерекесі кезінде орын алған. Ауруханаға келген тұрғындар медицина қызметкерлерінен алкоголь иісін сезіп, олардың күмәнді әрекеттерін байқаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл фактіні растады. Ресми мәліметке сүйенсек, 21 наурыз күні күндіз мекеме аумағында мерекелік іс-шара өткен. Алайда кешкі уақытта кезекші дәрігер мен бірқатар қызметкер өз бетімен алкоголь қосылған дастархан ұйымдастырған. Бұл әрекетке аурухана әкімшілігі рұқсат бермеген.
Сондай-ақ оқиға туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарланбағаны белгілі болды. Жағдай тек мерекелік демалыстан кейін ғана анықталған.
Тексеру қорытындысы бойынша кезекші дәрігер жұмыстан шығарылды. Директордың міндетін атқарушы орынбасарына және екі медбикеге қатаң сөгіс берілді. Ал мекеме басшысының жауапкершілігі еңбекке жарамсыздық парағынан шыққаннан кейін тәртіптік кеңесте қаралмақ.
Бұл жағдай медицина қызметкерлерінің кәсіби этикасы мен жауапкершілігіне қатысты мәселені қайта күн тәртібіне шығарды.
RUS