SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, шахматшы Бибісара Асаубаева 2026 жылғы үміткерлер турнирінде үшінші жеңісіне қол жеткізді. Бәсеке Кипрде өтіп жатыр.
12-турда 22 жастағы спортшы ресейлік Екатерина Лагномен (бейтарап мәртебеде өнер көрсетуде) кездесіп, ақ тастармен ойнады. Бұл партияда Асаубаева сенімді жеңіске жетіп, бесінші турдағы жеңілісінің есесін қайтарды.
Осы нәтижеден кейін қазақстандық шахматшы 6,5 ұпай жинап, турнир кестесінде Лагнодан алға шықты. Қазіргі таңда одан жоғары тек үндістандық Вайшали Рамешбабу мен қытайлық Чжу Цзиньэр орналасқан — екеуінің де еншісінде 7 ұпайдан бар. Ал украиналық Анна Музычук 6 ұпаймен келе жатыр, бірақ 12-турдағы партиясын әлі аяқтамаған.
13 сәуір — турнирдегі демалыс күні. Ал 14 сәуірде 13-тур ойындары өтеді, онда Асаубаева Музычукпен кездеседі. Бұған дейінгі олардың партиясы тең нәтижемен аяқталған.
Айта кетейік, турнирге барлығы сегіз шахматшы қатысып жатыр. Әр қатысушы қарсыластарымен екі реттен — ақ және қара тастармен ойнайды. Жарыс жеңімпазы қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен әлемдік тәж үшін матч өткізу мүмкіндігіне ие болады.
RUS