Қарағандыда ауладағы жанжал балаға күш қолдануға ұласты (ВИДЕО)
Ересек ер адамның балаға күш қолданған сәті әлеуметтік желіден белгілі болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда ересек ер адамның балаға қатысты күш қолданғаны әлеуметтік желіде тараған видео арқылы анықталды. Қазір бұл оқиға бойынша полиция тексеріс жүргізіп жатыр.
Оқиға 12 сәуір күні Трудовая көшесіндегі №27 үйдің ауласындағы балалар алаңында болғаны айтылады. Алдымен балалар арасында тұрмыстық жанжал туындаған. Кейін олардың бірі ата-анасына хабар берген.
Алаңға келген ересектердің бірі, мәліметке сәйкес, бөтен балаға күш қолданған. Ол баланы қысып ұстап, кейін сілкіп жіберген. Салдарынан бала жерге құлап, тыныс алуы қиындаған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, видео әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде анықталған. Алайда бұл факті бойынша ресми арыз түспеген.
Соған қарамастан, полиция барлық қатысушылардың жеке тұлғасын жедел анықтап, оларды бөлімшеге жеткізген. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға берілмек.
Полиция кез келген жанжал құқықтық шеңберде шешілуі тиіс екенін, ал күш қолдануға жол берілмейтінін қатаң ескертті.
Материал авторы