Қарағанды облысында автопаркте автобус өртеніп, бірнеше көлікке қауіп төнді
Автобус ішінен шыққан өрт тез арада көрші көліктерге тараған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Шахтинск қаласында автопарк аумағында автобус өртеніп, жалын көрші көліктерге тараған. Тығыз орналасқан техниканың салдарынан өрттің ушығу қаупі жоғары болған.
Оқиға 13 сәуірге қараған түні бір серіктестік аумағында тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус ішінен басталған өрт тез арада күшейіп, жанындағы екі көлікке өткен.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері жедел жетіп, өртті сөндіру жұмыстарын бастаған. Жалынды оқшаулау үшін арнайы көбік қолданылып, оттың одан әрі таралуына жол берілмеді.
Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрт толық сөндірілді. Нәтижесінде 12-ден астам автобус аман сақталып, кәсіпорын аумағындағы ғимараттың зақымдануына жол берілмеді.
Материал авторы