SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ішкі істер министрлігі Интерпол арналары арқылы Вьетнамның құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Камрань қаласында халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық блогер Қайсар Қамзаны қолға түсірді. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноны жүйелі түрде жарнамалап, пайдаланушыларды құмар ойындарға тартумен айналысқан. Ведомство мәліметінше, осы әрекеттер арқылы ол 100 миллион теңгеден астам заңсыз табыс тапқан. Қаражат оның атына тіркелген криптокошелекке аударылып отырған.
Қазір күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралуда. ІІМ өкілдері шетелге қашу қылмыстық жауапкершіліктен құтқармайтынын ашық мәлімдеді. Ресми органдардың айтуынша, халықаралық іздеуде жүрген әрбір тұлға түптің-түбінде анықталып, елге жеткізіледі.
Еске сала кетейік, Қайсар Қамза 2026 жылдың 10 қаңтарында Астанада тіркелген іс бойынша іздеуге жарияланған. Бұл істі Қаржылық мониторинг агенттігінің экономикалық тергеу департаменті жүргізген.
Блогер іздеу жарияланғаннан кейін де әлеуметтік желіде белсенділігін тоқтатпаған. Instagram-дағы парақшасында ол дастархан басындағы суретін жариялап, «бәрі жақсы» деген қысқа жазба қалдырған. Оның аккаунтында 2,3 миллионнан астам жазылушы бар, өзін саяхат блогері ретінде таныстырады.
Бұған дейін, 2025 жылдың тамызында, Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз құмар ойындарды жарнамалаған блогерлерді анықтағанын хабарлаған еді. Сол кезде ведомство Қайсар Қамзаның әрекетін ерекше сынға алып, оның Telegram-арнасында казиноға тіркелу нұсқаулығын таратып, жалған «жеңімпаздар» арқылы аудиторияны жаңылыстырғанын мәлімдеген.
Ресми дерекке сәйкес, мұндай схемалар арқылы блогерлер миллиондаған табыс табады. Сырттай сән-салтанатты өмірді көрсетіп, шын мәнінде заңсыз қызметті жалғастыра береді. Шетелде тіркелген онлайн-казинолар қазақстандықтарды жүйелі түрде ойынға тартып, лудомания құрбандарына айналдырып отыр.
Қазақстанда «Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес онлайн-казино қызметіне толық тыйым салынған. Ал мұндай платформаларды жарнамалау заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесу ретінде қарастырылады.
RUS