SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскеменде жаңа сауда нүктесінің ашылуы қауіпті жағдайға ұласты. Ұйымдастырушылар тегін тамақ таратып, жүз жұп аяқ киімді ұтысқа тігеміз деп жарнамалаған. Соның салдарынан дүкен алдына жиналған жұрт бір-бірін итеріп, кіреберісте жаппай қысым туындады.
Оқиға орнындағы бейнежазбалар әлеуметтік желіде әп-сәтте тарады. Кадрлардан адамдардың дүкенге лап қойып, бірін-бірі басып өте жаздағаны анық көрінеді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 11 сәуір күні бұл іс-шара жергілікті атқарушы органдармен келісілмей ұйымдастырылған. Сонымен қатар, акция барысында тегін палау таратылып, аяқ киімдер нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен сатылған.
Ресми мәліметке сәйкес, дәл осы әрекеттер бақылаусыз әрі ретсіз адам жиналуына әкеліп, қоғамдық тәртіпті бұзған және адамдардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірген.
Құқық қорғау органдары жедел тексеріс жүргізіп, 13 сәуірде ұйымдастырушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды, бұл шамамен 86 мың теңге.
Оқиғадан кейін дүкен иесі көпшілік алдында кешірім сұрап, мұндай жағдайдың қайталанбайтынын мәлімдеді.
RUS