SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Таяу Шығыстағы шиеленіске қатысты мәлімдеме жасап, мәселені қарумен шешу мүмкін емес екенін ашық айтты. Ол АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді тоқтатпай, сындарлы түрде жалғастыруға шақырды.
БҰҰ-ның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде тараптар арасындағы терең қайшылықтар қысқа уақытта шешілмейтіні атап өтілген. Соған қарамастан, келіссөздер үдерісін үзбей, диалогты сақтаудың маңызы ерекше екені айтылды.
Ұйым өкілдері атысты тоқтату режимін қатаң сақтауға үндеп, қазіргі қақтығыстың әскери жолмен шешімі жоқ екенін тағы бір мәрте нақтылады.
Гутерриш келіссөздерге алаң ұсынған Пәкістанға алғыс білдіріп, сондай-ақ Сауд Арабиясы, Мысыр және Түркияның арағайындық рөлін жоғары бағалады. Ол халықаралық қауымдастықты осы дипломатиялық бастамаларды қолдауға шақырды.
БҰҰ мәліметінше, қақтығыс салдары теңіз тасымалына да ауыр соққы болып тиіп отыр. Әсіресе Ормуз бұғазындағы жағдай күрделі: шамамен 20 мыңға жуық теңізші кептеліп қалған кемелерде қалып қойған.
Ұйым тараптарды халықаралық құқық нормаларын сақтап, теңіз қатынасының еркіндігін қамтамасыз етуге шақырды.
Сарапшылардың бағалауынша, теңіздегі логистикалық іркілістер жаһандық экономикаға әсер етуде. Тасымалдың бұзылуы түрлі саладағы тұрақсыздықты күшейтіп, азық-түлік қауіпсіздігіне де қатер төндіріп отыр. Әсіресе тыңайтқыш пен оның шикізатының жеткізіліміндегі іркілістер әлем бойынша миллиондаған адамға әсер етуі мүмкін.
RUS