SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Катар билігі Иранға шабуылдарды азайту үшін ақша төледі деген ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеді.
Ведомство өкілі Мәжид әл-Ансари мұндай келісімдердің мүлде болмағанын айтып, тараған ақпаратты негізсіз алыпқашпа әңгіме деп атады.
«Иранмен шабуылдарды тоқтату үшін қандай да бір төлем жасау жөнінде ешқандай келісім болған жоқ. Бұл тақырыптағы барлық мәлімет шындыққа жанаспайды», – деді ол.
Сондай-ақ, Катар тарапы әскери қақтығыс кезеңінде елге бағытталған шабуылдар тоқтамағанын, тек бітім жарияланғаннан кейін ғана саябырсығанын атап өтті.
Еске сала кетейік, 19 наурызда Катар Сыртқы істер министрлігі Иранның бірқатар әскери қызметкері мен елшілік өкілдерін «persona non grata» деп жариялап, ел аумағынан шығуын талап еткен болатын.
Сонымен қатар, соңғы мәліметтерге сәйкес, Иран билігі АҚШ пен Израильдің операциясына қатысы бар деп есептелетін бірқатар араб мемлекеттерінен өтемақы талап етіп отыр. Тиісті талаптар Біріккен Ұлттар Ұйымына жолданған.
Тегеран Бахрейн, Сауд Арабиясы, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері және Иорданияны жауапкершілікке тартуды талап етуде.
RUS