SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шерзат Полаттың өліміне қатысты резонансты іс бойынша кассациялық сот екі сотталғанның шағымын қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық алқа Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалияхметтің шағымдарын қарады. Екеуі де 2025 жылдың маусымында Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша — топ болып, суық қару қолдана отырып жасалған бұзақылық дерегімен кінәлі деп танылған.
Сот отырысында Қалияхметтің қорғаушысы қылмыс құрамы жоқ деген уәжбен істі тоқтатуды сұрады. Ал Тоқтаубаевтың адвокаты оның әрекетін жеңілірек бапқа ауыстырып, жазаны жұмсартуды талап етті.
Алайда жәбірленуші тарап — Шерзат Полаттың туыстары — алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдыруды талап етті. Нәтижесінде кассациялық сот екі шағымды да қанағаттандырмай, бұрынғы шешімді күшінде қалдырды.
Айта кетейік, бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған. 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты тоғыз адамға үкім 2025 жылдың 5 маусымында шыққан болатын.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғар қаласында болған. Дүкен маңында жастар арасында жанжал туындап, оның соңы төбелеске ұласқан. Сол кезде жасөспірім пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған. Тағы екі адам түрлі жарақат алған.
Кейін сотталғандардың бірі — Думан Ысқақ жазасын өтеп, бостандыққа шыққан. Қалған айыпталушылар апелляцияға жүгінгенімен, ол да нәтижесіз аяқталған.
RUS